БҚО-да жоғалып кеткен 22 жастағы қыз 7 сағаттан кейін даладан табылды
Батыс Қазақстан облысы Теректі ауданында полиция қызметкерлері жоғалып кеткен 22 жастағы қызды 7 сағаттан кейін аман-есен тапты.
Фото: БҚО полиция департаменті
09:10 18.12.2024
БҚО полиция департаментінің баспасөз қызметінен түскен мәліметке қарағанда, қыз 16 желтоқсанға қараған түні Алғабас станциясынан белгісіз бағытта шығып кеткен.
Анасы қызының жоғалып кеткені жөнінде сағат 22.00-де Теректі аудандық полиция бөліміне хабарлаған. Сол бойда барлық жеке құрам дереу іздестіру жұмыстарына жұмылдырылды. Сондай-ақ қызды іздеуге әкімдік қызметкерлері, азаматтық қорғаныс өкілдері және жергілікті тұрғындар белсенді түрде атсалысты.
— Полицейлер далалық жерлерге ерекше назар аударып, түнгі уақытта кең аумақты мұқият шолып шықты. 7 сағатқа созылған іздеу нәтижесінде таңғы сағат 05.00 шамасында бойжеткен өз үйінен 15 шақырым қашықтықтағы далада, Ақсай қаласына қарай бет алып бара жатқан жерінен табылды. Қыздың жағдайы қанағаттанарлық деп бағаланды. Қатты аязға қарамастан, үсік шалу белгілері байқалмаған. Оған полиция қызметкерлері дереу алғашқы медициналық көмек көрсетіп, үйіне жеткізді. Қазіргі уақытта бойжеткен анасының жанында, жағдайы жақсы», — деп хабарлады ведомстводан.
Дереккөз: kazinform
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!