2027 жылдан мектепке дейінгі тәрбие ұйымдарын лицензиялау тәртібі енгізіледі
Бүгін Сенаттың жалпы отырысында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне мемлекеттік наградалар, білім беру және баланың құқықтарын қорғау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңы екі оқылымда қаралып, мақұлданды.
Фото: Солтан Жексенбеков/ Kazinform
13:31 19.12.2024
Заңды қабылдаудың мақсаты - Қазақстан Республикасының мектепке дейінгі, орта, техникалық әрі кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру, қосымша білім беру және балалардың құқықтарын қорғау саласындағы заңнамасын жетілдіру, сондай-ақ құқықтық олқылықтар мен қайшылықтарды жою.
Сенаттың Әлеуметтік-мәдени даму және ғылым комитетінің мәліметіне қарағанда, заңмен «Неке және отбасы туралы» Кодексіне, Азаматтық процестік кодексіне, сондай-ақ Қазақстан Республикасының 7 Заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізіледі.
Заңмен «Неке және отбасы туралы» Кодексіне баланы қабылдайтын кәсіби отбасы түріндегі отбасылық орналастырудың жаңа нысаны енгізіледі, баланы қабылдайтын кәсіби отбасы қызметінің құқықтық негізі, осы саладағы құқықтық қатынастар субъектілерінің құқықтары мен міндеттері, сондай-ақ баланы қабылдайтын кәсіби отбасының қорғаншылық немесе қамқоршылық саласындағы уәкілетті органдармен өзара іс-қимыл жасау тетіктері айқындалады. Сондай-ақ кәмелетке толмағандарға қатысты қорғаншылық немесе қамқоршылық жөніндегі функцияларды жүзеге асыратын орган мамандарының штат санының нормативі аудандағы, облыстық маңызы бар қаладағы, республикалық маңызы бар қаладағы, астанадағы балалар саны негізге алына отырып, бес мың балаға кемінде бір маман арақатынасында айқындалатын норма енгізіледі.
Заң аясында мемлекеттік наградалар жүйесіне көлік, құрылыс, геологиялық-барлау, металлургия, тау-кен өндіру, аграрлық, су және экономиканың өзге де салаларының мамандары, сондай-ақ ғалымдар мен өнертапқыштар үшін құрметті атақтарды енгізуге бағытталған бірқатар түзету ескерілген.
- Заңмен Рұқсаттар және хабарламалар туралы заңнамаға сәйкес қосымша білім беру ұйымдары үшін қызметтің басталғаны немесе тоқтатылғаны туралы хабарлама жасау тәртібі, онлайн-оқыту түрі және техникалық және кәсіптік оқыту ұйымдарындағы академиялық ұтқырлық қағидаты, сондай-ақ меншік нысанына қарамастан мектептерде әлеуметтік тұрғыдан осал отбасылардан шыққан балаларға әлеуметтік көмек көрсету тетіктері белгіленеді, - делінген Сенат комитетігің ақпаратында.
Бұдан басқа, заң аясында 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап мектепке дейінгі тәрбие беру мен оқыту саласында қызмет көрсететін ұйымдарды лицензиялау тәртібі енгізіледі.
Дереккөз: kazinform
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!