{metadescription}

Елімізде жаңадан салынатын автожолдар белгілі болды

Ел аумағында автокөлікпен жүк транзитін әрі қарай дамытамыз.

Бұл туралы Парламент Мәжілісінде көлік-логистикалық әлеуетін дамыту тақырыбына арналған Үкімет сағатында Көлік министрі Марат Қарабаев мәлім етті.

- Транзиттік әлеуетте автокөлікке жеке тоқталғым келеді. Өйткені бұл тасымал түрі жылдан-жылға еселеп өсіп жатыр. 2023 жылы транзит 40%-ға, ал импорт/экспорт 20%-ға ұлғайды. Соның ішінде Қытаймен тасымалдың өсу қарқыны өте жоғары. Былтыр импорт/экспорт 2 жарым есеге, ал транзит 2 есеге ұлғайып, тиісінше 1,8 және 2,2 млн тоннаны құраса, биыл тоғыз айдың өзінде осы көрсеткіштер тағы да 59 және 67 %-ға өсті (1,9 млн және 2,5 млн тонна). Көрші елдер де өздерінің транзит әлеуетін арттыру үшін тиісті инфрақұрылымды дамыту жұмыстарын атқарып отыр. Сондықтан біз өз инфрақұрылымымызды дамыта отырып, Қазақстан арқылы өтетін қосымша 3 маршрутты алға жылжытып жатырмыз. Бірінші бағыт - «Батуми-Варна-Констанца» арқылы су жолы. Екіншісі – Баку, Грузия арқылы Түркияға шығатын мультимодалды жол. Ал үшінші бағыт – «Түрікменстан-Иран-Түркия» арқылы Еуропаға шығатын құрлық жолы, - деді М.Қарабаев.

Оның айтуынша, көліктің басқа түрлерімен салыстырғанда ең жоғары тасымал өсімін автокөлік бағыты байқатып отыр. Сондықтан басты бағыттардың бірі - автомобиль транзитін әрі қарай дамыту. Ол үшін саладағы әкімшілік шараларды тиімді реттеу және инфрақұрылымды, яғни автожолдардың жағдайын жақсарту қажет.

- Әкімшілік салаларға тоқталатын болсақ, биыл Қытай және Өзбекстан елдерімен тасымал үшін берілетін шетелдік рұқсат бланкілерді толықтай электронды форматқа өткіздік. Нәтижесінде, рейстер саны Өзбекстанмен 6 мыңнан 36 мыңға, Қытаймен 113 мыңнан 230 мыңға дейін өсті. Сонымен қатар, шетелдік бланкілерді қолдану үрдісіндегі адами фактор толығымен алынып, сыбайлас жемқорлық тәуекелдері түбегейлі жойылды, - деді министр.

Сонымен қатар ол жол инфрақұрылымына тоқтала келе, Мемлекет басшысының тапсырмасы аясында биыл 12 мың шақырым жол құрылыс жұмыстарымен қамтылғанын айтты. Оның 7 мың шақырымында құрылыс және жөндеу жұмыстары толықтай аяқталды. «Қарағанды – Алматы», «Талдықорған – Өскемен», «Ақтөбе – Атырау – Астрахан» сияқты басты транзиттік дәліздерде жаңа асфальт төсемімен көлік қозғалысы ашылды.

- Қолданыстағы жолдарды дамыту үшін 2030 жылға дейін «Қызылорда – Ақтөбе» жолын 4 жолақтыға ауыстыру, сондай-ақ Сарыағаш қаласының бірінші санаттағы айналма жолын салу жоспарланған. Мұнымен қоса, «Қалбатау – Майқапшағай» автожолын реконструкциялау жұмыстары, Қарағандыдан Боғаз ауылына дейінгі жол учаскелерінің орташа жөндеуі жүргізіліп жатыр. Келер жылдан бастап «Қарағанды – Жезқазған» автожолын реконструкциялау жұмыстары басталады. Бұл шараларды аяқтау нәтижесінде, қазіргі «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» дәлізіне баламалы жаңа маршрут қалыптасады. Келесі үлкен мәселе - Бейнеу мен Сексеуілдің арасын жалғайтын жаңа жол салу. Осыған байланысты 2027 жылдан бастап 736 шақырымдық автожол құрылысы басталады. Бұл Ақтау мен Құрық порттарына және Түрікменстанға баратын жолдарды 900 шақырымға қысқартуға және оңтүстік пен батыс өңірлерінің байланысын арттыруға мүмкіндік береді, - деді ведомство басшысы.

Дереккөз: kazinform

Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!

20 наурыз

Серіктестер жаңалықтары

загрузка...
Қазір эфирде