Ақтаудағы ұшақ апаты: оқиға хронологиясы
Таңертең Ақтау маңында Бакуден Грозныйға бағыт алған ұшақ апатқа ұшырады.
Фото: t.me/qr_tjm
15:55 25.12.2024
Грозный әуежайының баспасөз қызметінің мәліметінше, әуе бағытын бұруға қалың тұман себеп болды. Ұшақ алдымен Махачкалаға, содан кейін Ақтауға бағыт алды.
Сағат 11:20-да Бакуден Грозныйға ұшқан ұшақтың Ақтау әуежайына шұғыл қонуды сұрағаны туралы алғашқы хабарлама жіберілді.
Сағат 11:30-да әуежайдан 3 километр жерде ұшақтың апатқа ұшырағаны туралы ақпарат түсті. Осыған байланысты жоғары ранг бойынша ТЖД күштері мен құралдары қосымша жіберілді.
Сағат 11:45-тегі жағдай бойынша өрт оқшауланып, 12:05-те сөндірілді. Сағат 14:10-да 29 адам, оның ішінде 2 бала медициналық мекемелерге жеткізілді. Қазіргі уақытта авариялық-құтқару жұмыстары жалғасып жатыр.
Сағат 14:00-дегі жағдай бойынша жедел желі телефондарына 272 қоңырау түсті.
Алдын ала ақпарат бойынша ұшақ бортында 69 адам болған, оның 5-еуі – экипаж мүшесі. Оның ішінде 42 Әзербайжан азаматы, 6 Қазақстан азаматы, 3 Қырғызстан азаматы және 16 РФ азаматы болған. Құтқару жұмыстарына 701 жеке құрам және 82 бірлік техника жұмылдырылды.
Оқиға орнынан 28 адам ауруханаға жеткізілді, оның 2 бала бар.
ТЖМ Командалық орталығының базасында республикалық штаб құрылды, оның құрамына Ішкі істер, Денсаулық сақтау, Көлік министрліктерінің, Ұлттық ұланның, Сыртқы істер министрлігінің және басқа да ведомстволардың өкілдері кірді.
Жалпы операцияға азаматтық қорғау қызметінің жеке құрамынан 701 адам және 82 бірлік техника жұмылдырылуда. Медициналық көмек көрсету үшін Астана қаласынан санитарлық авиация борты Ақтауға жіберілді.
Сонымен қатар оқиға орнында үкіметтік комиссияның іс-қимылын үйлестіру үшін Төтенше жағдайлар министрі Шыңғыс Әрінов, Төтенше жағдайлар вице-министрі Кеген Тұрсынбаев және төтенше жағдайларды жою департаментінің бастығы Ақтауға кетті.
Оқиға туралы өзекті ақпаратты алу үшін жедел желі телефондары жұмыс істейді:
Астана қаласының командалық орталығында: 8-7172-55-96-21, 55-96-83.
Маңғыстау облысы ТЖД: 8-7292-31-90-91.
Дереккөз: kazinform
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!