Енді шетелге шығуға тыйымның бар-жоғын онлайн білуге болады
Егер сіз шетелге шығуды жоспарласаңыз, eGov.kz порталы мен eGov mobile мобильді қосымшасы арқылы тыйымның бар-жоғын тексере аласыз. Бұл туралы «Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ хабарлайды.
Фото: Коллаж: Canva
18:54 30.12.2024
— Шетелге сапар жоспарлаған кез келген адам өз жоспарына ешқандай кедергі болмайтынына сенімді болғысы келеді. Алайда, түрлі қарыздар шетелге шығуға шектеу қоюға себеп болуы мүмкін. Осындай жағдайдың алдын алу үшін азаматтар елден шығуға тыйым салудың бар-жоғын eGov.kz порталы немесе eGov Mobile қосымшасы арқылы жедел тексере алады, — делінген ақпаратта.
Шетелге шығу құқығын шектеудің негізгі себебі — қарыз. Оның қатарына төленбеген салықтар, айыппұлдар, алименттер, коммуналдық қызметтер бойынша қарыздар, сондай-ақ тиісті құжаттық растауы бар жеке немесе заңды тұлғалар алдындағы қарыздар жатады.
Қызметті Еgov.kz порталында қалай пайдалану керек:
«Азаматтарға» — «Азаматтық, көші-қон және иммиграция» — «Шетелге шығу» бөлімін таңдау керек;
«Шет елге шығуы шектелген, борышкерлер тізілімі және атқару өндірісі бойынша борышкерлер тізілімі бойынша шет елге шығуға тыйым салынғандығының бар болуын тексеру» қызметін таңдап, «Онлайн сұрау» батырмасын басу қажет;
ЖСН/БСН-ды еңгізіп, «Ары қарай» батырмасын басу керек;
мәртебелік бетте сұранысты қарау нәтижесімен танысу қажет.
eGov Mobile қосымшасында сервисті пайдалану үшін:
— eGov Mobile қосымшасына кіріп және авторизациядан өтіп, «Қызметтер» — «Саяхат, шетелдегі өмір және эмиграция» бөлімін таңдау қажет;
— «Шет елге шығуы шектелген борышқорлар тізімі және атқару өндірісі бойынша борышқорлар тізілімі бойынша шет елге шығуға тыйым салынғандардың бар болуын тексеру» қызметін таңдау керек;
— ЖСН/БСН енгізіп, «Тексеру» батырмасын басыңыз;
— тексеру нәтижесімен танысу қажет.
Қанша қарыз болса, шетелге шығуға тыйым салынады?
— Шетелге шығуға шектеулер қарыз сомасы 40 АЕК-тен асқан жағдайда немесе сот тиісті өндіріп алу туралы қаулы шығарған болса, алимент төлемдерінің мерзімі 3 айдан асып кеткен жағдайда қолданылады. Сотпен бекітілген сот орындаушысының қаулысы Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара қызметіне жіберіледі, сол арқылы қарызы бар азаматтың шекарадан өту мүмкіндігін бұғаттайды, — делінген хабарламада.
Одан бөлек, шетелге шығуға тыйымның бар-жоғын атқарушылық іс жүргізу органдарының автоматтандырылған ақпараттық жүйесі АІЖО ААЖ арқылы «Шетелге шығуға тыйым салу» бөлімінен білуге болады.
Аталған қызмет Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің мемлекеттік көрсетілетін қызметтер комитеті, «Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ және Әділет министрлігімен бірлесіп іске қосылды.
Дереккөз: kazinform
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!