Алматының медициналық жедел жәрдем қызметінің автопаркі 48 жаңа машинамен толықты
Жаңа жыл қарсаңында Алматының медициналық жедел жәрдем қызметінің автопаркі JAC Sunray маркалы 48 заманауи автокөлікті алды. Оның ішінде 12 «С» класты және 36 «В» класты көлік.
20:29 30.12.2024
Жаңа көлік әлемдік брендтердің озық медициналық жабдықтарымен: реанимациялық құрылғылармен, дефибрилляторлармен, электрокардиографтармен, өкпені жасанды желдету аппараттарымен және басқа да қажетті жабдықтармен жабдықталған. Бұл медициналық жедел жәрдемді ең жоғары деңгейде көрсетуге мүмкіндік береді. Автопаркті жаңарту Алматы қаласының әкімдігі мен Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының қаржыландыруының арқасында мүмкін болды. Келесі жылы тағы 50 жедел жәрдем көлігін сатып алу жоспарланған.
Күн сайын кезекшілікке 186 бригада кіріседі, олар күніне 3000-нан астам шақыруға қызмет көрсетеді. 2024 жылдың 11 айының қорытындысы бойынша 990 мыңнан астам шақыру орындалды. Бірінші және үшінші санаттағы шақыруларға жетудің орташа уақыты 12,6 минутты құрайды, бұл ұлттық стандарттарға сәйкес келеді. Осы кезеңде 142 сәтті реанимация жасалды.
Бүгінгі күні Алматы қаласының жедел жәрдем қызметі қаланың әр ауданында орналасқан 13 қосалқы станцияны қамтиды, бұл шақыруларға жедел ден қоюды қамтамасыз етеді. Осы жылдың жазында Алтай-1 шағын ауданында жаңа қосалқы станция ашылды, бұл шұғыл көмекті одан әрі қолжетімді етті.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!