Биыл 845 мың адам жұмыспен қамтылды
2024 жылы 948 мың қазақстандықты жұмысқа орналастыру жоспарланған болатын, желтоқсан айының басында 845 мыңнан астам адам жұмыспен қамтылғаны мәлім болды. Бұл туралы Primeminster.kz сайты хабарлады.
Фото: Pyxabay.com
10:16 31.12.2024
Жұмыспен қамту саласында Министрлік жұмыссыздықты азайтуға және жұмыспен қамту процесінің ашықтығын қамтамасыз етуге бағытталған шараларды іске асыруды жалғастырды. Азаматтарды жұмысқа орналастыруды жоспарлауға және еңбек нарығының қажеттіліктерін анықтауға мүмкіндік беретін өңірлік Жұмыспен қамту карталарының бекітілуі – маңызды қадамдардың бірі.
2024 жылы 948 мың қазақстандықты жұмысқа орналастыру жоспарланған болатын, желтоқсан айының басында 845 мыңнан астам адам жұмыспен қамтылғаны мәлім болды, бұл жылдық жоспардың 89%-ын құрады.
Еңбек министрлігі жұмыспен қамтуға жәрдемдесу шаралары кешенін іске асыруда, оның арасында қызметкерлерді кәсіпке оқыту мен қайта даярлау маңызды рөл атқарады. Биыл жұмыс берушілердің қажеттіліктерін ескере отырып, 9,6 мың жұмыссыз азамат үшін қысқа мерзімді курстар ұйымдастырылды. Сонымен қатар skills.enbek.kz платформасында 50 мыңнан астам адам онлайн оқытудан өтті, бұл олардың біліктілігін арттыруға және еңбек нарығында бәсекеге қабілетті болуға мүмкіндік берді.
Бұдан басқа, жалақыны субсидиялау бағдарламалары белсенді жүзеге асырылуда. Оған қоғамдық жұмыстар, әлеуметтік жұмыс орындары, жастар тәжірибесі және «Алғашқы жұмыс орны», «Ұрпақтар келісімшарты» және «Күміс жас» жобалары кіреді. Осы бағдарламалар аясында 180 мыңнан астам адам субсидияланатын жұмыс орындарына орналастырылды.
Кәсіпкерлікті қолдау және жаңа жұмыс орындарын құру үшін «Бастау Бизнес» жобасы жалғастырылды, оның шеңберінде кәсіпкерлікке оқытудан өткен азаматтар өздерінің микробизнесін ашуға өтеусіз гранттар ала алады. 2024 жылы мұндай көмекке 8,9 мың адам қол жеткізді.
«Mansap Compasy» платформасы
Жұмыспен қамту саласындағы жаңа жетістіктердің бірі азаматтар үшін жаңа мүмкіндіктер ашқан цифрлық шешімдерді енгізу болды. Атап айтқанда, «Mansap Compasy» платформасы іске қосылды, ол мамандық таңдау және мансап жолын жоспарлау құралына айналды. Платформа сұранысқа ие мамандықтар, оқыту талаптары, гранттар мен тағылымдамаларға қол жеткізу мүмкіндіктері туралы өзекті ақпаратты ұсынады. Бұл мектеп түлектері мен студенттерге болашақты бағдарлауға көмектеседі әрі жастардың жұмыссыздық деңгейін төмендетуге ықпал етеді.
Студенттер практикалық дағдыларды игеру үшін Электронды еңбек биржасында өндірістік практикадан өту орнын табуға көмектесетін функционал іске қосылды. Нәтижесінде студенттер нақты дағдыларға ие болады және бәсекеге қабілеттілігі артады.
Мемлекеттік инвестициялардың тиімділігін арттыру үшін сапалы жоспарлау маңызды аспект болып саналады. Осы мақсатта Жобалардың инновациялық навигаторы әзірленді. Бүгінгі таңда жүйеде жоспар бойынша 150 мың жұмыс орны ашылатын 755 инвестициялық жобаға мониторинг жүргізілуде. Кейіннен осы платформа арқылы мемлекеттік бастамалар шеңберінде іске асырылатын барлық жобаларға мониторинг жүргізу жоспарланып отыр. Бұдан басқа, Министрлік өңірлер мен салалар бөлінісінде «сапалы жұмыс орындарын» мониторингтеудің ақпараттық жүйесін пайдаланып жатыр.
«Сапалы жұмыс орны» тұрақты жұмыспен қамтылған, қауіпсіз еңбек жағдайлары, кәсіби даму және мансаптық өсу мүмкіндіктері бар, еңбек құқықтары мен әлеуметтік қорғалуы қамтамасыз етілген жұмыспен қамтуды білдіреді. Өткен жылы Қазақстанда осындай 2,27 млн жұмыс орны болған. Алдағы 3 жылда бұл көрсеткішті 824 мыңға арттыру жоспарланып отыр.
Дереккөз: kazinform
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!