Жаппай жол апатына ұшыраған көлік иелеріне қандай өтемақы беріледі
Жаппай көлік апатына ұшыраған көлік иелері қандай өтемақы ала алады.
Фото: видеодан алынды
13:33 06.01.2025
Бұл сұраққа «Евразия» сақтандыру компаниясының баспасөз қызметі жауап берді.
— Жаппай жол-көлік оқиғасынан зардап шеккен жүргізушілер сақтандыру төлемін каско ерікті кешенді сақтандыру шарты бойынша немесе автокөлікті міндетті сақтандыру шеңберінде ала алады. Бүгінге дейін ірі көлік апатынан зардап шеккен үш көлік иесі «Евразия» сақтандыру компаниясына кешенді сақтандыру бағдарламасы бойынша төлем алу үшін жүгінді. Каско сақтандыру бағдарламасы аясында зақымданған көлік құралының жүргізушісі жол-көлік оқиғасына кінәлі немесе кінәсіз екеніне қарамастан, тіпті кейіннен кінәлі тұлға анықталмаған жағдайда да сақтандыру төлемін ала алады, — дейді компанияның баспасөз қызметі.
Алайда міндетті сақтандыру арқылы өтемақы алатын адамдар мына жайды ескеруі керек болады.
— Көлік құралын міндетті сақтандыру шеңберінде кінәлінің сақтандыру компаниясы жәбірленушіге заңда белгіленген шекті мөлшер — 2 мың АЕК немесе 7,864 млн теңгеге дейін өтемақы төлеп береді. Бұл сома кінәлі жүргізушінің әрекеті нәтижесінде зардап шеккендердің барлығына бөлінеді және барлық шығынды жаппауы мүмкін. Жәбірленушілер қалған соманы кінәлі азаматтан сот арқылы өндіре алады. Атап өтерлік жайт, жәбірленушілер саны және сұралатын қаржы көп болған жағдайда жеке тұлғадан толық соманы өндіріп алуы екіталай. Полиция барлық мән-жайды және жаппай көлік апатына себепкер болған жүргізушіні анықтауы керек. Егер кінәлі анықталмаса, кешенді сақтандыру полисі жоқ жүргізушілер көлікті өз қаражатына жөндетуге мәжбүр болады, — делінген хабарламада.
Одан бөлек жаппай көлік апатына жауаапкершілік жолды күтіп ұстауға жауапты мекемеге де жүктелетін кез болады.
— Жол қозғалысы заңнамасына сәйкес, жолдарды күтіп ұстауға жауапты ұйым қауіпсіздікті қамтамасыз етуге, оның ішінде көктайғаққа қарсы шараларды жасауға міндетті. Егер ұйым өз міндеттерін орындамағаны себепті жол-көлік оқиғасы болғаны анықталса, зардап шеккен көлік иелері топтық шағым түсіруге құқылы. Алайда бұл жағдайда кешенді сақтандыру бойынша сақтандыру төлемін алу кезіндегідей бәрі жеңіл болмайды. Жәбірленуші сот барысында көп уақытын және заңгер қызметіне қомақты қаражат жұмсауы керек болады, — делінген сақтандыру компаниясының түсіндірмесінде.
«Евразия» СК статистикасына сәйкес, жол-көлік оқиғаларының 90%-ында екі көлік соқтығысқан болады. Қалған 10% жағдайда үш немесе одан да көп көлік апатқа ұшырағаны тіркеледі. Ал жаппай көлік апаты — сирек кездесетін жағдай.
Дереккөз: kazinform
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!