Мәжіліс депутаттарының өңірлерге сапары басталды
ШҚО-ға жұмыс сапарымен келген Мәжіліс депутаттары Ұлықбек Тұмашинов пен Ерлан Саиров Өскемен қаласындағы гемотологиялық орталықтың құрылыс жұмыстарымен танысты.
Фото: Мәжіліс
13:58 06.01.2025
Мәжілістің баспасөз қызметі мәлім еткендей, бұл ірі жоба қан жүйесі мен кардио-тамыр жүйесі ауруларын диагностикалау мен емдеудің жоғары деңгейіне шығаруға арналған. Сондай-ақ, елдегі медициналық көмектің сапасын едәуір арттыруға мүмкіндік береді.
— Орталық «AMANAT» партиясының сайлауалды бағдарламасы аясында салынып жатыр. Осы жылдың соңына дейін нысан қолданысқа беріледі деп жоспарланып отыр. Құрылыс жұмыстарының уақытылы сапалы орындалуы партияның тікелей бақылауында болады. Бұдан бөлек, былтыр біз медицина қызметкерлерінің кәсіптік жауапкершілігін сақтандыру туралы заң қабылдадық. Бұл заң дәрігерлермен бірге әзірленді және олардың мүддесін қорғауға бағытталған. Осы жолдағы жұмысты біз әрі қарай жалғастыра береміз, — деді Е. Саиров.
Нысан бірнеше корпусты қамтиды. Бас ғимаратта химиотерапия күндізгі стационар, балалар стационары, соматика, ересектер гематологиясы, кардиология және кардиохирургия, сондай-ақ сүйек кемігін трансплантациялау бөлімшелері орналасады.
Сонымен қатар, консультациялық-диагностикалық бөлімше де жұмыс істейтін болады. Барлық құрылыс-монтаж жұмыстары кестеге сәйкес жүргізілуде.
— Қазіргі уақыта құрылыстың ішкі жұмыстары қалған. Тиісті құрал-жабдықтар да сатып алынуда. Бекітілген мерзімде нысанның құрылысын аяқтап қолданысқа беру қажет. Айта кету керек, бұл шетелден қайтарылған активтердің есебінен салынып жатыр. Ендігі кезекте құрылыс сапасына бақылау күшейтіліп, барлық жұмыс белгіленген стандарттарға сай жүргізілуі тиіс. Нысанның уақытылы іске қосылуы өңір тұрғындарының өмір сүру жағдайы мен аймақтың дамуына елеулі үлес қоспақ, — деді Ұ. Тұмашинов.
Жобаның жалпы құны — 71,3 млрд теңге. Құрылыстың басталғалы бері 37,7 млрд теңге игерілді. Қазіргі уақытта құрылыс жұмыстарының 78 пайызы орындалған.
Сонымен қатар, осы күні Мәжіліс депутаттары, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшелері Павел Казанцев, Самат Нұртаза және Нартай Сәрсенғалиев Астана қаласы Үркер тұрғын алабындағы жаңа жайлы мектептің алдағы жұмысқа дайындығымен танысты.
Үркер тұрғын алабында мектептердегі орын тапшылығы мәселесі жергілікті тұрғындарды жылдар бойы толғандырып келді. Осылайша, «AMANAT» партиясының сайлауалды бағдарламасы аясында жаңа үлгідегі мектеп салынып, азаматтарды алаңдатқан мәселе өз шешімін тапты. 9 қаңтарда аталған білім ордасының есігі 2 мың оқушыға айқара ашылмақ.
Нысанды аралау барысында Павел Казанцев Президент бастамасымен қолға алынған «Жайлы мектеп» ұлттық жобасының маңызды басымдығының бірі отандық тауарлар мен қызмет көрсетушілерді қолдау екеніне назар аударды. Атап айтқанда, нысанды салушыларға қойылатын басты талап — жергілікті қамту үлесі кемінде 70 пайыз болуы.
— Реттелетін жиһаз, жабдық, құрылыс материалдары — толық дерлік отандық өнім. Яғни, 90 пайызы — Қазақстанда жасалған. Мұндай тәсіл стратегиялық тұрғыда маңызды дер едім. Себебі Қазақстанда өндірілген өнімді пайдалану ұлттық экономиканың өсіміне ықпал етеді. Бұл — біздің жұмыс орындарымыз, экономика, қаржы айналымы, оның бәрі осында, — деді Павел Казанцев.
Өз кезегінде Самат Нұртаза еліміздегі демографиялық өсім қарқыны білім беру жүйесі үшін елеулі салмақ салатынына мән берді. Тиісінше, мектептердегі орын тапшылығы ең өзекті мәселенің бірі болып отыр.
— Бұл № 33 мектеп әйгілі әнші Әміре Қашаубаевтың есімімен аталады. Ғимаратта оқушылар қауіпсіздігіне ерекше назар аударылғанын атап өткен жөн. Мемлекет басшысының бастамасымен қолға алынған ұлттық жоба аясында мұндай мектептер еліміздің шалғай елді мекендерінде де салынады, — деді депутат.
Дереккөз: kazinform
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!