Қандастарды қабылдаудың 2025 жылға арналған өңірлік квотасы бекітілді
Қандастар мен қоныс аударушыларды қабылдаудың биылғы өңірлік квотасы бекітілді, деп хабарлайды Еңбекмині.
Фото: Еңбекмині
10:06 08.01.2025
— ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің бұйрығымен қандастар мен қоныс аударушыларды қабылдаудың 2025 жылға арналған өңірлік квотасы 9 653 адам деп белгіленді, бұл былтырғы жылмен салыстырғанда 170 адамға артық. Бұйрықтың мақсаты Қазақстан Республикасы Үкіметі айқындайтын өңірлерде қандастар мен қоныс аударушыларды оңтайлы қоныстандыру, — делінген хабарламада.
2025 жылы өңірлік квота облыстар бойынша төмендегідей бөлінді:
— қандастар үшін: Павлодар облысы — 1 056 адам, Ақмола облысы — 285 адам, Шығыс Қазақстан облысы — 269 адам, Абай облысы — 244 адам, Солтүстік Қазақстан облысы — 175 адам, Қостанай облысы — 150 адам, Атырау облысы — 100 адам, Батыс Қазақстан облысы — 30 адам;
— қоныс аударушылар үшін: Павлодар облысы — 3 050 адам, Солтүстік Қазақстан облысы — 2 969 адам, Қостанай облысы — 535 адам, Шығыс Қазақстан облысы — 372 адам, Абай облысы — 255 адам, Ұлытау облысы — 125 адам, Қарағанды облысы — 38 адам.
Қандастар мен қоныс аударушыларды қабылдаудың өңірлік квотасына енгізілген адамдарға мемлекеттік қолдау шарасы көрсетілетін болады, атап айтқанда:
— көшуге субсидиялар — отбасының әрбір мүшесіне 70 АЕК бойынша біржолғы төлем;
— 12 ай ішінде бір отбасына 15-тен 30 АЕК-ке дейін төленетін тұрғын үйді жалдау (жалға алу) және коммуналдық қызметтерге ақы төлеу бойынша шығыстарды жабу үшін субсидиялар;
— 400 АЕК мөлшерінде қоныс аударуға жәрдем көрсететін жұмыс берушілер үшін субсидиялар;
— қысқа мерзімді кәсіптік оқытуға жолдама;
— жұмысқа орналасуға немесе кәсіпкерлік бастаманы дамытуға жәрдемдесу;
— тұрғын үй сатып алуға экономикалық мобильділік сертификаттарын беру.
Естеріңізге сала кетейік, 2024 жылы 19,7 мыңнан астам этникалық қазақ тарихи отанымен табысып, қандас мәртебесін алды.
Дереккөз: kazinform
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!