Ерлан Сәрсембаев Әділет министрі болып тағайындалды
Мемлекет басшысының Жарлығымен Ерлан Сәрсембаев Әділет министрі болып тағайындалды. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады.
Фото: gov.kz
17:01 09.01.2025
– Мемлекет басшысының Жарлығымен Ерлан Жақсылықұлы Сәрсембаев Қазақстан Республикасының Әділет министрі лауазымына тағайындалды, - делінген хабарламада.
Ерлан Жақсылықұлы Сәрсембаев 1975 жылы Алматы облысы Талғар ауданы Октябрь ауылында дүниеге келген.
1997 жылы Алматы энергетика және байланыс институтын «Радиоинженер» мамандығы бойынша, ал 2000 жылы Д.Қонаев атындағы гуманитарлық университетті бітірген.
2002 жылдан 2005 жылға дейін Премьер-министр кеңсесінің қорғаныс және құқықтық тәртіп бөлімінің кеңесшісі, сектор меңгерушісі қызметін атқарды.
2005 жылдан 2011 жылға дейін Сенат аппаратында жұмыс істеді. Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетімен өзара іс-қимыл жөніндегі бөлім меңгерушісінің орынбасары, сондай-ақ әлеуметтік-мәдени даму комитетімен өзара іс-қимыл жөніндегі бөлім меңгерушісі лауазымдарын атқарды.
2011 жылдан 2016 жылға дейін Ұлттық қауіпсіздік органдарында қызмет атқарды. Онда ұлттық қауіпсіздік комитеті (ҰҚК) Заң департаменті бастығының орынбасары және бастығы лауазымдарын атқарды.
2016-2017 жылдар аралығында Парламент Сенатының аппаратына қайта ауысып, Әлеуметтік-мәдени даму және ғылым комитетімен өзара іс-қимыл бөлімінің меңгерушісі қызметін атқарды.
2017 жылдан 2019 жылға дейін Сенат аппараты басшысының орынбасары болды.
2019-2022 жылдары Сенат аппаратының Халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік комитетімен өзара іс-қимыл жөніндегі бөлімді басқарды.
2023 жылдың 1 қаңтарынан бастап Конституциялық Соттың судьясы болып жұмыс істеді.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!