Ақтау маңындағы ұшақ апатынан қаза тапқан қазақстандықтың отбасы Үкіметке жүгінді
Ақтау маңындағы ұшақ апатынан қаза тапқан Салима Джутаеваның туыстары Қостанай облысының басшылығына отбасыларына көрсеткен көмегі үшін алғыстарын білдірді, деп хабарлайды Zakon.kz.
Фото: Instagram/dr.salima.stom
11:27 10.01.2025
25 желтоқсанда Ақтау әуежайынан үш шақырым жерде Баку – Грозный рейсін орындаған әуе кемесі апатқа ұшырады. Қаза тапқандардың арасында қазақстандық алты азамат бар. Солардың бірі — Қостанай қаласының тұрғыны, тіс дәрігері Салима Джутаева.
Салима отбасындағы жалғыз қыз болған.
"Бізге болған оқиғаны қабылдау қиынға түсті. Осындай қайғыға толы күндері біз адамдардан көп қолдау алдық. Жан-жақтағы блогерлердің барлығы жазды. Достары, курстастары, пациенттері мен қарапайым адамдардың өздері көп көмек көрсетті. Қызымыз емдеген көптеген науқастар Салиманың анасына жазып, көңіл айтты. Біз, Салиманың ата-анасы, жақындары қаза тапқан отбасыларға қолдау көрсеткен Үкіметке алғысымызды білдіреміз",- деді марқұмның жақындары.
Олар Қостанай облысының әкімі Құмар Ақсақаловқа, сондай-ақ облыс әкімі аппаратының басшысы М.М. Сандыбаевқа, қоғамдық даму басқармасы басшысының Д.И. Қарымсақоваға жерлеу рәсімін ұйымдастыруға атсала қатысқаны үшін ерекше алғыстарын білдірді. Олар тасымал мәселесін ұйымдастырып, материалдық көмек көрсеткен.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!