Президент «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ басқарма төрағасы Нұрлан Сауранбаевты қабылдады
Қасым-Жомарт Тоқаевқа ұлттық компанияның былтыр атқарған жұмысы туралы есеп берілді.
Фото: Ақорда
16:05 10.01.2025
«ҚТЖ» ҰК» АҚ басқарма төрағасының айтуынша, негізгі өндірістік көрсеткіштерде өсімнің оң қарқыны сақталып отыр. Эксплуатациялық жүк айналымы 272 миллиард тонна-шақырымды құрады. Қазақстан-Қытай түйіспелері арқылы 32 миллион тонна жүк тасымалданды. Бұл – рекордтық әрі 2023 жылмен салыстырғанда 13,1 пайызға артық көрсеткіш. Контейнерлік транзит 8,8 пайызға өсті. Тасымалданған контейнерлер саны 1,4 миллион жиырма пұттық эквивалентті құрады.
Президентке ірі инфрақұрылымдық жобалардың іске асырылу барысы және транзит әлеуетін дамыту жөнінде берген тапсырмаларының орындалуы жайында баяндалды. Нұрлан Сауранбаевтың айтуынша, 2800 шақырымнан астам темір жолға жөндеу жұмыстары жүргізілген. Достық – Мойынты, Дарбаза – Мақтаарал бағыттарында және Алматы торабының айналма жолында 1000 шақырымнан астам жаңа желі салынып жатыр. Достық – Мойынты учаскесі және Жетіген – Қазыбек-бек айналма желісінің екінші жолдарын салу жұмыстары кестедегі мерзімінен бұрын, яғни биыл аяқталады.
Мемлекет басшысына қазақстандық дәліздерге жүк ағындарын тарту үшін терминал желісінің кеңейіп жатқаны туралы мәлімет берілді. Сиань қаласының құрғақ портында Қазақстан-Қытай терминалы іске қосылды. Бұл Транскаспий бағыты арқылы Қытайдан келетін тасымалдың ұлғаюына ықпал етті. Алматы қаласында, Әзербайжанның Алят теңіз портында, Мажарстан астанасы Будапешт қаласында, Мәскеу маңындағы Селятино кентінде Шығыс – Батыс бағыты бойынша терминалдардың құрылысы басталды. Қытайлық серіктес Ляньюньган портымен бірлесіп, Ақтау портында контейнерлік хаб салу жұмыстары қолға алынды.
Cонымен қатар Мемлекет басшысы қолдау білдірген бірқатар жаңа жобалар таныстырылды.
«ҚТЖ» ҰК» АҚ басқарма төрағасы Президентке компания инфрақұрылымды, терминал желісін дамытуға және цифрлық шешімдерді енгізуге баса назар аударатынын жеткізді.
Қасым-Жомарт Тоқаев осы бағыттардағы жұмысты жандандырудың маңызын атап өтті. Мемлекет басшысының айтуынша, алға қойған міндеттерді жоспарлы іске асыру Қазақстанның Еуразиядағы транзиттік хаб ретіндегі әлеуетін нығайтуда айтарлықтай нәтижеге қол жеткізуге мүмкіндік береді.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!