Ақтөбедегі бөбекжай-бақшада балалардың таңғы асынан қоңыз шықты
Мұғалжар ауданындағы Самал бөбекжай-бақшасындағы балалардың таңғы асынан қоңыз табылды.
Фото: видеодан алынған скрин
17:49 13.01.2025
Қазір тексеру жүріп жатыр. Әлеуметтік желіге жарияланған видеодан балалардың таңғы асына ботқа дайындалғаны, ал оның ішінде қоңыздардың жүргенін көруге болады. Ақтөбе облыстық білім басқармасы баспасөз қызметінің хабарлауынша, қазір тексеру жүріп жатыр.
- Ата-аналардан арыз-шағым түспеді. Қазіргі кезде әлеуметтік желідегі видео мен фото материалды негізге алып, қызметтік тексеру жүргізіліп жатыр. Қорытындысы бойынша қосымша хабарлаймыз, - деді Ақтөбе облыстық білім басқармасы баспасөз қызметі.
Ал Мұғалжар аудандық білім бөлімі қорытынды шыққан соң лауазымды тұлғалар мен қызметкерлер жауапқа тартылатынын хабарлады.
- Бүгін сағат 9:00-дегі таңғы ас кезінде сұлы ботқасы (каша) таратылған. Ал оған дейін тамақ пісіру кезінде бөбекжай-бақша мейірбекесі Камшат Сәрсенова астан сынама алған. Ол кезде тұрт, тағы сол сияқты жәндіктер болмағанын айтып отыр. Алғашқы 2 топқа таратқан кезде құрттарды көріп, сол жерде таңғы ас беруді тоқтатқан. Сұлы жармасы бөбекжай-бақшаға қараша айында әкелінген. Жарамдылық мерзімі - 18 ай. Қазіргі уақытта Мұғалжар аудандық білім бөлімінің тарапынан қызметтік тексеру жұмыстары жүргізілуде. Қортындысы бойынша жауапты тұлғалар мен қызметкерлер тиісті жауапкершілікке тартылады. Сонымен қатар аталған мәселе бойынша Мұғалжар аудандық санитариялық - эпидемиологиялық бақылау басқармасы тарапынан да тексеру жұмыстары басталды, - деді Мұғалжар аудандық білім бөлімінің басшысы Бахраман Аманжол.
Дереккөз: kazinform
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!