Өлімге әкелетін өрмекшілердің жаңа түрі табылды
Аустралияның шығыс жағалауында өлімге әкелетін улы өрмекшілердің жаңа түрі табылды.
Фото: ТАСС
09:12 15.01.2025
Бұл туралы Сидней ұлттық мұражайы мен Ньюкасл университетінің мәлімдемесінде айтылды, деп хабарлайды ТАСС.
Өрмекшінің бұл түрі континенттің ең қауіпті омыртқасыздарының бірі — Сидней шұңқырлы өрмекшілер тобына жататыны атап өтілді. Ірілігімен және мықты уымен ерекшеленетін өрмекшінің жаңа түрлері Ньюкасл қаласын және оның айналасын мекендеген, ал олардың кішілеу түрлері Сиднейде және мегаполиске іргелес аудандарда жиі кездеседі.
Ньюкасл университетінің клиникалық токсикология кафедрасының меңгерушісі Джефф Исбистердің айтуынша, бұл өрмекшілер шамамен 20 жыл бұрын байқалған.
— Негізі бұл өрмекшілер бұрыннан осында болған, бірақ олардың басқаларға қарағанда ерекше екенін енді ғана түсіндік. Дегенмен, қолда бар антидот оның уына қарсы тұра алатыны қуантады, — деді ол.
Жаңа түрді сипаттау үшін ғалымдар жақында алынған жүздеген өрмекшілердің ДНҚ-сын өткен ғасырдың басындағы өрмекшілермен салыстырып көрген.
Atrax christenseni деп аталатын жаңа түрдің ашылуына әкелетін зерттеулер Сидней бауырымен жорғалаушылар саябағындағы зертханаға әдеттегіден үлкен және өте агрессивті өрмекші әкелгеннен кейін басталған.
— Әуелі, бұл өрмекшілер осы түрдегі басқа өрмекшілермен салыстырғанда керемет үлкен, сонымен қатар оларды ерекшелейтін бірқатар сипаттамалары бар екеніне назар аудардық, — деді зертхана қызметкері Кейн Кристенсен.
Сондай-ақ, Сидней шұңқырлы өрмекшінің жаңа түрінің ең ірі өкілдерінің бірі 2025 жылдың басында Сидней бауырымен жорғалаушылар саябағына алып келінгені хабарланды. Дене ұзындығы рекордтық 9,2 см болатын өрмекшіге аустралиялық актер Крис Хемсворттың есімі берілді.
Өрмекшілердің бұл жаңа түрі Сиднейден 160 км радиуста және қаланың өзінде кездеседі. Олар жоғары агрессивтілігімен ерекшеленеді. 1927 жылдан 1981 жылға дейін бұл өрмекшілердің шағуынан 13 адам қайтыс болған, бірақ 1981 жылы олардың уынан жасалған антидот алынды, содан бері бірде-бір өлім тіркелмеген.
Дереккөз: kazinform
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!