Президент Abu Dhabi Ports Group бас директоры Мұхаммед Әл-Шамисимен кездесті
Кездесу барысында екіжақты ынтымақтастықтың перспективасы талқыланды, сондай-ақ көлік-логистика саласында бұған дейін қол жеткізілген уағдаластықтарды жүзеге асыру мәселесі қарастырылды.
Фото: Ақорда
13:20 15.01.2025
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Abu Dhabi Ports компаниясының бірқатар ірі нысан құрылысына қатысты жоспарына қолдау көрсетіп, бұл бастамалар Қазақстанның Каспий теңізіндегі айлақ және теңіз инфрақұрылымын дамыту жөніндегі стратегиялық мүддесіне сай келетінін атап өтті.
Мемлекет басшысы көлік инфрақұрылымы мен тасымал дәліздерін дамыту еліміздің орнықты экономикалық өсімін қамтамасыз етуде және халықаралық сауданы жандандыруда ерекше рөл атқаратынын жеткізді.
Мұхаммед Әл-Шамиси бірлескен инвестициялық жобаларды жүзеге асыру барысында ұдайы қолдау көрсеткені үшін Қасым-Жомарт Тоқаевқа алғыс айтты. Сондай-ақ Президентке «Самұрық-Қазына» қорымен және «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясымен тиімді серіктестік орнатқаны туралы мәлімет берді.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!