Ерлан Саиров ең төменгі айлықтың мөлшерін көтеруді ұсынды
Мәжіліс депутаты Ерлан Саиров Премьер-министрдің орынбасары Тамара Дүйсеноваға жолдаған сауалында ең төменгі айлықты инфляцияға сай индекстеуді ұсынды.
Фото: Виктор Федюнин/Kazinform
16:32 15.01.2025
- Үкіметтің жасап жатқан шараларына қарамастан халқымыздың әл-ауқаты артпай тұр. Ұлттық статистика бюросының мәліметтеріне сүйенсек, жан басына шаққандағы кіріс 112-мың теңге болып отыр. Оның 98 мың теңгесі тек қана азық-түлік, киім-кешек, коммуналдық қызметті төлеуге кетеді. Мысалы, Ұлттық статистика бюросының деректері бойынша, күріштің бағасы 31,3-пайызға, жұмыртқа 16,9-пайызға, сары май мен сүт өнімдерінің бағасы 12 пайызға өскен. Картоп пен ірімшік өнімдерінің бағасы бір жылдың ішінде 35 пайызға өскен. Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылыққа келсек, коммуналдық қызметтер орташа алғанда 25 пайызға қымбаттаған, - деді Мәжіліс депутаты.
Оның пайымдауынша, мұндай азаматтардың шығынын арттырып, кірістерін төмендете береді.
- Еліміздегі ең төменгі жалақы 85 мың теңгеден көтерілген жоқ. Бұл 1,8 млн адамның тұрмыс деңгейіне қатысты. Ең төменгі жалақыны көтеру – Үкіметтің басты міндеті, - деді ол.
Ерлан Саиров Үкіметке ең төменгі айлықты индекстеуді ұсынды.
- Жұмыссыздықтан сақтандыру сомасын арттыру арқылы ең төмен жалақы алатын адамдардың сақтандыру жүйесін жетілдіру керек. Әкімдер өңірлік ауыл шаруашылық өнімдерін жергілікті нарыққа қажетті мөлшерде жеткізілуін қамтамасыз етуі қажет. Ауыл шаруашылық өнімдеріне берілетін мемлекеттік төлемдерді уақытылы әрі қажетті сомада толық төленуін қамтамасыз ету маңызды, - деді депутат.
Дереккөз: kazinform
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!