Сенат нашар көретін адамдарға жағдай жасауға арналған заңды мақұлдады
Бүгін Сенаттың жалпы отырысында «Зағиптардың және көру қабілеті бұзылған немесе баспа ақпаратын қабылдау қабілеті өзгедей шектелген адамдардың жария етілген туындыларға қол жеткізуін жеңілдету туралы Марракеш шартын ратификациялау туралы» Заңы мақұлданды.
Фото: pexels.com
11:49 16.01.2025
- 2013 жылғы 27 маусымда Дүниежүзілік зияткерлік меншік ұйымының дипломатиялық конференциясында қабылдаған Марракеш шарты көру қабілеті бұзылған адамдар үшін әдеби және көркем шығармаларға қол жеткізуді жеңілдетуге, сондай-ақ кедергілерді жоюға және олардың физикалық қабілеттеріне қарамастан, барлық азаматтар үшін білім мен жарияланған шығармаларға тең қол жеткізуді қамтамасыз етуге бағытталған. Бұл шарт зағиптар мен нашар көретін адамдар үшін ыңғайлы форматтағы туындыларды көбейтуге, таратуға, жалпыға ортақ назарға жеткізуге және жариялауға мүмкіндік беру мақсатында авторлық құқықтарға қатысты шектеулер мен ерекшеліктердің стандартты жиынтығын қамтып отыр. Құжат авторлық құқықтарға қатысты ұлттық заңнаманы Марракеш шартына сәйкес келтіруді қарастырады, - деді сенатор Амангелді Толамисов.
Сонымен қатар, Марракеш шарты уәкілетті органдар желісі бойынша тиісті форматтағы туындылармен трансшекаралық алмасуды жүзеге асыруға, сондай-ақ зағиптар мен нашар көретін адамдарға арналған кітапханалар желісінің сақталуын және тиімді жұмыс істеуін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
- Қазақстанның Марракеш шартына қосылуы көру қабілеті бойынша мүгедектігі бар адамдарға арналған кітаптарға, журналдарға, оқу материалдарды емін-еркін алуын кеңейтуге, қоғамның мәдени әрі әлеуметтік өміріне араласуды қамтамасыз етуге және қолайлы форматтарда жасалған туындылармен халықаралық алмасуды жүзеге асыруға мүмкіндік жасайды. Жалпы, бұл ұзақ уақыт бойы кітаптар мен білімге қол жеткізу құқығы үшін күресіп келе жатқан баспа ақпаратын қабылдау қабілеті шектеулі адамдарды қолдау бағытында өте маңызды халықаралық шарт саналады. Шарттың нормалары Қазақстан Республикасының Конституциясы мен қолданыстағы заңнамасына, оның ішінде адам құқықтары мен бостандықтарын сақтауға қатысты нормаларға қайшы келмейді, - деді депутат.
Дереккөз: kazinform
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!