Петропавлдағы өртенген жабық футбол манежі алты жыл бұрын 45 млн теңгеге салынған
Петропавлда толық жанып кеткен футбол манежінде 400-ден астам бала жаттығып келген.
Фото: СҚО ТЖД
11:53 16.01.2025
- Сағат 8.00 кезінде маған телефон шалып, гараждан түтін шығып жатқанын айтты. Ал гаражда екі трактор және Газель көлігі тұрған. Олар жанып кетті. Жалын қасында тұрған футбол манежіне ауысып, лап ете түсті. Ішінде адам болмады. Балалар жаттығуға енді келе бастаған еді. Киім ауыстырып жатып, өртті көріп, бірден қауіпсіз жерге шықты. Ешкім зардап шеккен жоқ, - дейді «Қызылжар» балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің директоры Айсары Шәкіров.
Солтүстік Қазақстан облыстық Спорт және дене шынықтыру басқармасы баспасөз қызметінің мәліметінше, «Қызылжар» БЖСМ балансында «Жастар» стадионы, екі қабатты әкімшілік ғимарат және жабық футбол манежі кіреді.
Футбол манежі 2018 жылы наурыз айында салтанатты түрде пайдалануға берілді. Ол өңірдегі футбол ойнауға арналған алғашқы жабық манежі болды. Құрылысына шамамен 45 млн теңге жұмсалды. Аумағы - 30 м х 72 м. 2021 жылы нысанның жылыту жүйесіне күрделі жөндеу жүргізілсе, былтыр, шатырының жабындысы ауыстырылған екен.
Манежде Петропавл мектептері мен колледждерінің 8 бен 17 жас аралығындағы 426 оқушысы шынығып келген. Олардың 184-і – футбол бөлімшесінде, 216-сы – футзалдан және 26-сы шөптегі хоккей бөлімшесінде болған. Қазіргі уақытта жаттығу процесін үзбеу үшін арнайы орын бөлу мәселесі шешіліп жатыр.
Дереккөз: kazinform
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!