Мобильді аударымдар: Жасырын табыс ертелі-кеш анықталады
Мемлекеттік кірістер комитеті Жеке тұлғалардың кірістерін әкімшілендіру басқармасының бас сарапшысы Ерсайын Көптілеуұлы мобильді аударымдарды бақылауда 100 адам межесі қалай белгіленгенін түсіндірді.
Фото: pixabay
17:24 16.01.2025
− Осы өлшемшартты белгілегенде бір ай мерзімін қою дұрыс емес деп есептедік, себебі бір айда 100 түрлі адамнан мобильді аударым алу мүмкіндігі көбірек. Өйткені той-томалақ бар, басқа да шаралар бар. Ал үш ай қатарынан аударым түссе, бұл нақты кәсіпкерліктің белгісі бола алады. 30-40 адам десек те, кәсіпкерлікке қатысы жоқ жеке тұлғалардың ілініп кетуі мүмкін еді. Сондықтан 100 межесі кәсіпкерлерді анықтауға мүмкіндік береді деп есептедік, − деді Ерсайын Көптілеуұлы агенттіктің «Bizdin orta» подкастында.
Бұл ретте аударымдар саны жүзге жетпей, 99 аударым ғана болса, тексеруге ілінбейді. Спикер кей кәсіпкерлер өлшемшарттан айналып өту жолдарын қарастыруы мүмкін екенін мойындайды.
− Егер кәсіпкерлер өлшемшарттан айналып өту жолдарын тауып жатса, демек біз де кәсіпкерлерді анықтау мүмкіндігін қайта қарастырамыз. Бұл бағытта жұмысымызды үздіксіз жүргіземіз +++ Кіріс органдары жасырын табысты ертелі-кеш анықтайды, бізде ескіру мерзімі – 3 жыл. Сондықтан кәсіпкерлерге өз ісіне жауапкершілікпен қарауын сұраймыз, − дейді спикер.
Комитет өкілі қайтадан қолма-қол қаражатқа көшкен кәсіпкерлерге әкімшілік шара туралы ескертті.
− Егер сатушы сіздің картамен төлеуіңізге шектеу қойса, мемлекеттік кірістер органдарына жүгінуге болды. Алғашында кәсіпкерге ескерту жасалады, егер ол қайталанса – 40 АЕК айыппұл салынады. Бұл 157 мың теңге, - деп түсіндірді Е.Көптілеуұлы.
Дереккөз: kazinform
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!