Бірқатар әлеуметтік мекеме азық-түлікті 500%-ға дейін қымбатқа сатып алған
1100-ден астам мемлекеттік мекемелер (мектептер, балабақшалар, ауруханалар, балалар үйі және т.б) азық-түлікті жоғары бағамен сатып алған. Бұл туралы Қаржылық мониторинг агенттігі мәлімдеді.
Фото: Kazinform/Виктор Федюнин
11:48 17.01.2025
2024 жылы ведомство азық-түлік бағаларын көтерудің 817 жағдайын анықтаған, оларға қатысты материалдар өңірлік комиссияларға тапсырылды. 685 мекеменің мемлекеттік сатып алу келісімшарттары қайта қаралып, нәтижесінде 370 млн теңгеден астам қаржы үнемдеуге себін тигізді.
Агенттік мемлекеттік мекемелердің азық-түлік сатып алу қызметін қадағалап, "алып-сатарлық" схемаларды анықтауға бағытталған жобаны жүзеге асыруда. Бұл жұмыс кәсіпорындардың қызметіне араласусыз, тек IT құралдарын пайдалану арқылы жүргізіледі.
Жүргізілген жұмыс нәтижесінде 69 тиімсіз делдал шеттеліп, 600 әкімшілік хаттама толтырылды, 11 млн теңге көлемінде айыппұл төленді.
Осылайша, Ақтөбе облысының 80 балабақшасында ҚМА департаменті қабылдаған шаралары нәтижесінде қарақұмықтың, картоптың, сәбіздің, қанттың, жұмыртқаның және тұздың бағасы төмендетілді.
Мәселен, бір кәсіпкер балабақшаға қарақұмықтың бағасын 500%-дан астам көтеріп жеткізіп берген.
Қостанайда 117 әлеуметтік мекеме қарақұмықты, қантты, пиязды, картопты және жұмыртқаны 180%-ға дейін үстемақы қосып сатып алғаны анықталды. ҚМА Департаментінің араласуынан кейін Қостанай облысындағы барлық мемлекеттік мекемелерде қосымша келісімшарттар жасалып, нәтижесінде 60 млн теңгеге жуық қаржы үнемделді.
Осындай жұмыстар Астанада және Қарағанды облысында 175 балабақшада да жүргізіліп, 100 млн теңгеден астам қаржы үнемделді.
ҚМА мемлекеттік мекемелер өнім өндірушілерден және ірі көтерме саудагерлерден тікелей сатып алу, сауда үстемақыларын асыра көтергені үшін әкімшілік жауапкершілікті күшейту, заңсыз алынған табыс көлеміне пара-пар айыппұлдар қолдану сияқты бағалардың негізсіз өсуіне жол бермеу бойынша бірқатар кешенді шаралар әзірледі.
Дереккөз: kazinform
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!