Енді жүргізуші куәлігін алу үшін емтиханға тек «ХҚКО» қосымшасынан жазылу керек
Мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталығында өткізілетін теориялық және тәжірибелік емтиханға енді тек «ХҚКО» қосымшасы арқылы ғана жазылуға болады.
Фото: pixabay
16:35 17.01.2025
«Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы бұл жаңашылдық азаматтарға ыңғайы болу үшін және сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін азайтуға бағытталғанын хабарлады.
Қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында «ХҚКО» қосымшасының барлық қолданушысы екі факторлы аутентификациядан өтеді: алдымен – биометриялық идентификация, сосын 1414 нөмірінен келіп түскен SMS-коды арқылы өзінің жеке басын растайды. Одан кейін жүргізуші куәлігіне үміткер «Теориялық емтиханға жазылу» немесе «Тәжірибелік емтиханға жазылу» батырмасын таңдайды. Қызмет алушыға 1414 нөмірінен хабарлама келіп түседі.
Айта кету керек, SMS хабарлама Мобильді азаматтар базасына тіркелген телефон нөміріне жіберіледі.
- Қосымша арқылы емтиханға жазылу үшін алдын ала мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталығына жүгініп, өтінім нөмірін алу қажет екенін ескертеміз. Бұл сервис емтихан уақыты мен емтихан тапсыру кестесіндегі өзгерістер туралы пайдаланушыларға хабарлап отырады. Бұл ақпаратты ыңғайлы түрде және дер кезінде алу мүмкіндігін едәуір арттырады, - деп хабарлады мекеменің Алматы филиалынан.
Еске салайық, емтиханға жазылу бұрын booking.gov4c.kz сайтында жүзеге асырылатын. Алайда «ХҚКО» мобильді қосымшасы арқылы қызметті кеңейтілген ауқымда алу үшін сайттағы брондау функциясы өшіріледі. Дегенмен сайт қолданушылары емтихан тапсыру сәтінің трансляциясын онлайн режимде баяғыша көре алады.
Аталған қосымша ХҚКО-ға бару уақытын брондауға, электронды кезек үшін талон алуға, қызықтырған халыққа қызмет көрсету орталығының орналасқан мекенжайын табу және өзекті сұрақтармен танысуға мүмкіндік береді.
Дереккөз: kazinform
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!