Мектептер мен колледждерде «111» байланыс орталығының QR-кодтары іске қосылды
2025 жылдың қаңтар айынан бастап мектептер мен колледждерде ҚР Бала құқықтары жөніндегі уәкілмен бірлесіп «111» байланыс орталығына қолжетімділікті арттыру үшін арнайы QR-кодтар енгізілді.
Фото: freepik.com
21:02 20.01.2025
ҚР Оқу-ағарту министрлігі баспасөз қызметінің хабарлауынша, бұл орталық отбасы, әйелдер мен балалардың құқықтарын қорғауда құқықтық, ұйымдастырушылық және психологиялық көмек көрсетеді.
Енді «111» нөміріне қоңырау шалу мүмкіндігінен басқа, балалар мен олардың ата-аналары QR-кодтар арқылы сұрау жібере алады. Олар барлық білім беру ұйымдарында, балалар үшін қолжетімді орындарда, сондай-ақ автобус аялдамаларында орналасқан. Аталған жаңалық көмек алудың қолайлылығы мен қолжетімділігін арттыруға бағытталған.
«Бұрын балалар байланыс орталығына тек телефон арқылы ғана хабарласа алатын, ал енді олардың QR-кодтар арқылы сұрау жіберу мүмкіндігі бар. Бұл қолдауға жүгіну процесін айтарлықтай жеңілдетеді, оны неғұрлым ыңғайлы және қолжетімді етеді. QR-кодтар қажетті ақпарат пен көмекті жылдам және анонимді алуға мүмкіндік береді, бұл балалардың сауалдары мен мәселелеріне жедел ден қоюға мүмкіндік береді», - деп атап өтті ҚР Оқу-ағарту министрлігі Балалардың құқықтарын қорғау комитетінің төрайымы Насымжан Оспанова.
Өткен жылдың қорытындысы бойынша «111» байланыс орталығына балалардан 1000-ға жуық өтініш келіп түсті. Оларға анықтамалық ақпарат беріліп, психологиялық қолдау көрсетіліп, мемлекеттік органдармен ынтымақтастықта уақытылы көмек ұйымдастырылды.
Дереккөз: kazinform
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!