Ұлттық тіл корпусы құрылып, дарынды оқушыларға грант бөлінеді – Сенат заңды мақұлдады
Бүгін Сенаттың жалпы отырысында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне мәдениет, білім беру және тәлімгерлік мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңы мақұлданды.
Фото: halyq-uni.kz
10:37 23.01.2025
Заңның мақсаты — баланың құқықтарын қорғау, мемлекеттік тілді қолдану аясын кеңейту, білім беру саласындағы ұлттық заңнаманы одан әрі жетілдіру.
— Заңмен «Қазақстан Республикасындағы баланың құқықтары туралы» Заңына жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған тәлімгерлік институтын реттеу үшін «тәлімгерлік жөніндегі ұйым» ұғымы енгізіледі, сондай-ақ бұл ұйымның құқықтары мен міндеттері айқындалады. Тәлімгер болуға үміткер адамдарды арнайы ұйымда тәлімгерлік бойынша оқытудан міндетті түрде өткізу белгіленеді және оларға құқықтық, психологиялық көмек көрсетуді көздейді. Сонымен бірге, «Мәдениет туралы» Заңына қазақ тілінің сөздік қорына қолжетімділікті қамтамасыз ететін мемлекеттік ақпараттық жүйе ретінде Қазақ тілінің ұлттық сөздік қорын құруды, қазақ тілінің барлық стильдері мен жанрларының мәтіндерін қамтитын ақпараттық-анықтамалық жүйе ретінде Қазақ тілінің ұлттық корпусын құруды, қазақ тіліндегі мәтіндерді өңдеу, генерациялау және талдау үшін жасанды нейрондық желіге негізделген қазақ тілінің сөздік қорына қолжетімділікті қамтамасыз ететін ауқымды тіл моделін қалыптастыруды көздейтін түзетулер енгізіледі, — деді сенатор Алтынбек Нухұлы.
Оның айтуынша, бұл түзетулер қазақ тілін мәдени құндылық ретінде әрі қарай дамытуға мүмкіндік береді, мемлекеттік тіл ретінде мәртебесін нығайтады.
— «Білім туралы» Заңында білім беру саласындағы уәкілетті органның өз құзыреті шегінде стратегиялық реттеу, іске асыру және бақылау-қадағалау функцияларын жүзеге асыру жөніндегі құзыреті белгіленеді. Дарынды оқушыларды мемлекеттік қолдау және олардың ғылыми қызметін ынталандыру мақсатында халықаралық ғылыми жобалар конкурстарының соңғы үш жылдағы жеңімпаздары мен жүлдегерлері үшін конкурстан тыс мемлекеттік білім беру гранттарын беру жөніндегі норма көзделеді. Жалпы, заңның қабылдануы еліміздің мемлекеттік тілді дамыту жөніндегі саясатын іске асыруын, сондай-ақ бала құқықтарын қорғау және білім беру салаларындағы заңнаманың сапасын жақсартуға ықпал етеді, — деді сенатор.
Өз кезегінде депутат Әсем Рахметова заң аясында Ұлттық сөздік қоры мен Ұлттық тіл корпусы құрылып, лексикалық қор жүйеленетінін атап өтті. Жасанды интеллект негізінде қазақ тілінің үлкен тілдік моделі (LLM) әзірленіп, мұнымен айналысатын арнайы ұйым белгіленеді. Бүгінгідей озық цифрлық технологиялар дамыған уақытта аталған жаңашылдық ерекше маңызға ие.
— Енді бұрынғыдай Терминкомның тізімін теріп, сөздіктер ақтарып отырмайсыз, ұлттық сөздік қор қазақ тілінің бас анықтамалығы сияқты болады. Бұл қазақ тілінің бай лексикалық құрамын жүйелеуге, сақтауға, зерттеуге мүмкіндік береді және цифрлық ортада қолданылу аясын ерекше арттырады. Сонымен қатар, заң аясында Халықаралық ғылыми жобалар мен олимпиадалардың жеңімпаздарына жоғары оқу орындарына гранттар беру және «Болашақ» бағдарламасы аясында бакалавриатқа түсу мүмкіндігі енгізіледі. Бұл шаралар жастардың білімге ұмтылысын арттыруға, болашағынан ерекше үміт күттіретін, өзгеше ойлап, ертеңіне сеніммен өсіп келе жатқан дарынды жастарымызды қолдауға бағытталған. Заңмен, тәлімгерлік институтын жетілдіруге бағытталған нормалар қаралып, тәлімгерлерді оқыту, қызметін қолдау және балалардың құқықтарын қорғау стандарттарын реттеу көзделеді, — деп түсіндірді Ә. Рахметова.
Дереккөз: kazinform
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!