Жезқазғандағы жанармай стансасындағы өртті сөндіруге 20-дан астам адам қатысты
Жезқазған қаласының кіреберісінде орналасқан жанармай құю станциясында өрт шығып, үш арнайы көлік жанып кетті, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің тілшісі.
Фото: видеодан алынған скрин
16:30 25.01.2025
Өрт бүгін таңғы сағат 8:55–те «С-Мұнай» жанар жағармай құю бекетінің аумағында пайда болды. Таңғы сағат 9:30–да оқиға орнында екі жанар-жағар май және бір газ тасығыш көлік жанып кетті.
Куәгерлердің айтуынша, оқиға орнында жарылыс болған.
— Жезқазған қаласында орналасқан мұнай базаларының бірінің аумағында арнайы мақсаттағы 3 автокөлік өрттенді. Өрт сөндіру бөлімшелері келгенге дейін газ-ауа қаспасының жарылып, ангардың қабырғалары қирады, - деп хабарлады Ұлытау облысының ТЖД.
Өртке күрделілігі жоғары дәреже берілді.
— Сол жерде орналасқан жедел штаб жанармайы бар көрші резервуарды салқындату арқылы қорғауға арналған есептердің бірін жіберу туралы стратегиялық шешім қабылдады. Автоцистерналарды өрт шыққан жерге жақын орналасқан өрт сөндіру гидранттарына орналастырып, өрт сөндірушілер көбік шабуылының көмегімен 100 шаршы метр алаңдағы өртті жойды, - деп толықтырды облыстың ТЖД.
Өрт салдарынан мұнай базасының 4 қызметкері ауруханаға жатқызылды. Әзірге өрттің шығу себебі анықталмаған.
Облыс әкімінің баспасөз қызметінен хабарлағандай, арнайы штаб құрылды.
— Жезқазған қаласы жол бойындағы «С-Мұнай» жанар жағармай құю бекетінде 25.01.2025 жыл сағат 8:55–те орын алған өртке байланысты Ұлытау облысы әкімінің тапсырмасымен, облыс әкімі орынбасарының төрағалығымен арнайы штаб құрылды, - деп түсіндірді облыс әкімдігінде.
Дереккөз: kazinform
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!