Қызылорда облысында күйеуі отқа күйген әйеліне денедегі терісінен кесіп берген
Қызылорда облысында күйеуі отқа күйіп қалған әйеліне денедегі терісінен беріп, оны өлім ауызынан аман алып қалды.
Фото: Pixabay
08:45 26.01.2025
Оқиға 1989 жылы Жаңақорған ауданына қарасты Қыркеңсе елді мекенінде болған. Сол уақытта 20 жастағы Қаламқас Мантаева байқаусызда жанып жатқан отқа күйіп қалады. Дәрігерлер күйеуіне әйелінің денесінің жартысына жуығы жарақат алғанын жеткізеді. Күйіктің орнын кетіру үшін басқа адамның денесінің терісі қажет екенін айтады.
- Бұл сәтте еш ойланбастан әйеліме көмек қолын созуға шешім қабылдадым. Әйелім оқыс оқиға болған уақытта үстіне синтетика көйлек киіп алған екен. Көйлектің шетіне от тиіп, ол лаулап жанбай денесінің әр жерін жарақаттаған. Денеге жабысып қалған. Дәрігерлердің салғырттығынан көйлекті алмастан үстінен дәріне жаға берген. Салдарынан әйелімнің жарақаты одан сайын асқынып, терісіне қатты зақым келді. Ауруханада тоғыз ай емделді. Соның алты айында төсекте жатты. Қиын сәтте қасынан ұзаған жоқпын. Қажет болғаннан кейін екі аяғымнан тері бердім. Сол арқылы әйелімнің денесінің күйіп қалған жерлері қайтадан қалпына келе бастады. Он-он бес күнде терісі жазылды. Одан бұрын екеуіміз бірнеше жыл бойы балалы бола алмай жүрген едік. Тілегіміз қабыл болып, одан кейін екі ұл, үш қыз дүниеге келді. Осылайша қазір ұрпағымыз көбейіп, солардың қызығын көріп отырған жайымыз бар. Кейіннен әйелімді емдеген аурухана дәрігерлеріне тағы бәр мәрте қаралған едік. Олар біздің біздің балалы болғанымызға таңғалды, - деді Марат Мантаев.
Қазір Марат Мантаев ауылда кәсіпкерлікпен айналысады. Өз қаржысына ауылдан спорт кешенін салып берді. Оған қоса жергілікті тұрғындардың балаларына арналған балабақша ашты. Балабақшаға әйелі басшылық жасайды. Балалары қоғамның түрлі саласында мамандықтарына сай қызмет атқарып келеді.
Дереккөз: kazinform
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!