Қазақстанда автонесие көлемі рекордтық деңгейге жетті
2025 жылдың 1 қаңтарында автонесие портфелі 3,6 трлн теңгеге жетті. Бір жыл ішінде ол 44,8 пайызға немесе 1 119,3 млрд теңгеге өсті.
Фото: Kazinform
17:52 27.01.2025
Бірінші несиелік бюро бас директоры Руслан Омаров автонесие несиелеудің ең қарқынды дамып келе жатқан саласы екенін атап өтті.
Оның мәліметінше, жасалған автонесие бойынша келісімшарттардың жалпы саны 591 мыңнан асты. Ал борышкерлер саны 559,2 мың шамасында. Екі көрсеткіш те өткен жылмен салыстырғанда артқанын көрсетті.
— Біз автонесие бойынша рекордты екінші жыл қатарынан көріп отырмыз. 2023 жылы өсім 64 пайыз болса, 2024 жылы - 44%. Яғни, негізгі портфель тұрақты динамикасын көрсетуді жалғастырып жатыр, — деді ол.
Былтыр берілген автонесие көлемі - 1,8 трлн теңге. Бұл 2023 жылмен салыстырғанда 13,2%-ға артық. Несие алушылардың саны 214 мың адамға жетіп, 10,2%-ға өсті, ал жасалған шарттар - 228,4 мың. Алдыңғы жылмен салыстырғанда 5,7%-ға көп.
Автонесие шарттары бойынша орташа қарыз 8 млн теңге шамасында. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 7,1%-ға немесе 529,5 мың теңгеге артық. Орташа қарыз 10,8%-ға немесе 742,3 мың теңгеге өсіп, 7,6 млн теңгеге жетті.
— Көліктің орташа құны - 10 млн теңге, — деді ол.
Сондай-ақ спикер желтоқсан айында 25 600 көлік сатылғанын, ал берілген несиелер саны 26,7 мың болғанын атап өтті.
Берілген автонесиенің жалпы сомасы өткен жылмен салыстырғанда 13,2%-ға өссе, автокөліктер 6,4%-ға қымбаттады. Несиенің ең көп көлемін екінші деңгейлі банктер берген – 3 039,8 млрд теңге.
Дереккөз: kazinform
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!