"Кезінде көмектестік, енді сіздердің кезектеріңіз келді": президент банктерге үндеу жасады
Тоқаев екінші деңгейлі банктердің қызметін сынап, елге көмек көрсететін уақыт келгенін айтты
Фото: Ақорда
13:31 28.01.2025
Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев екінші деңгейлі банктерге үндеу жолдады. Бүгін үкіметтің кеңейтілген отырысында мемлекет басшысы 2017 жылдан бастап 2020 жылға дейін бірқатар ірі банкке мемлекет тарапынан, соның ішінде ұлттық қор есебінен 15 жыл мерзімге қаржылай қолдау көрсетілгенін еске салды.
"Кейбір банктер өз шығындарын әлдеқашан өтеген. Бірақ мемлекеттің иелігіндегі қаржыны қайтаруға асықпайды. Тіпті, оны жоғары пайызбен тәуекелі аз мемлекеттік қаржы құралдарына салып, кепілді табыс тауып отыр. Үкімет пен Ұлттық банкке шара қабылдауды тапсырамын",- деді Тоқаев.
Осы орайда президент банктер үкіметтің, соның ішінде халықтың жауы емес екенін ерекше атап өтті.
"Бірақ диалог негізіндегі әділ серіктестік орнауға тиіс. Кезінде сіздерге көмектестік, енді сіздердің кезектеріңіз келді", - деп атап көрсетті мемлекет басшысы.
Оның айтуынша, қазіргі кезде маңызды жобаларды қаржыландыру қажет. Екінші деңгейдегі банктердің ресурстарын үкіметтік бағдарламаларға, атап айтқанда, ірі инфрақұрылымдық жобалардың құрылысы мен жаңғырту жұмысына тартуға болады. Ал мемлекет бөлетін қаражатты кезең-кезеңімен несие мөлшерлемесін субсидиялауға қарай бағыттау керек. Осы шаралар банктердің ақшасын экономикалық айналымға қосуға мүмкіндік береді.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!