Қайғылы оқиғадан кейін өрт сөндіру құрылғыларының бағасы көтерілді
Болудағы Карталкая тау-шаңғысы курортындағы Grand Kartal қонақүйінде болған ірі өрттен кейін Түркияда өрт сөндіру құрылғыларына сұраныс 300 пайызға артты.
Фото: pixabay
15:30 28.01.2025
Белгілі болғандай, 78 адамның өмірін қиған қонақүйдегі өрт оқиғасы бүкіл Түркия мен басқа елдерді есеңгіретіп, өрт қауіпсіздігі мәселелеріне назар аудартты.
Ел билігі мемлекеттік және жекеменшік нысандардың өрт қауіпсіздігі нормаларының сақталуын тексеруді күшейтті. Жыл басынан бері Түркияда барлық кәсіпорын қызметкерлерге өрт қауіпсіздігі бойынша жүйелі түрде оқытуды талап ететін ереже күшіне енді.
Сонымен бірге, Болудағы оқиғадан кейін өрт қауіпсіздігі бойынша оқытумен айналысатын компанияларға жаңа заң талаптарын орындауға және ықтимал қайғылы оқиғалардың алдын алуға тырысатын кәсіпкерлердің өтініштері көп түсті. Өрт сөндіргіштер сияқты өрт сөндіру құралдарына сұраныс та күрт өсті. Жақсы пайда алу үшін кейбір кәсіпорындар бұл өнімдердің бағасын айтарлықтай өсірді.
Осы арада Түркияның Сауда министрлігі өрт сөндіру құралдарын сататын жеткізушілерді тексеруді күшейтті. Қазірдің өзінде жоғары баға қойған кәсіпорындарға тиісті жазалау шаралары қолға алынып жатыр.
Белгілі болғандай, Түркия нарығында сатылатын өрт сөндіргіштердің 90 пайызы — 6 келілік модельдер. Олардың орташа бағасы 900-ден 1100 түрік лирасына дейін (шамамен 12000-15400 теңге) аралығында. Үлкенірек сөндіргіштердің бағасы 2000-8000 лира (28 000-112 000 теңге) аралығында. Сарапшылардың айтуынша, бұл өте қымбат.
Сонымен қатар, басқа да өрт сөндіру құралдары, соның ішінде өрт дабылының жүйелері, әртүрлі техникалық құралдар мен апаттық шығу жолдарының сатылымы да күрт өсті. Көптеген кәсіпорындар өз ғимараттарын шұғыл түрде қажетті құрал-жабдықтармен жабдықтауды бастады, бұл осы кластағы тауарлардың өзіндік құнының айқын өсуін тудырды.
Болудағы қайғылы оқиға түрік қоғамы мен бизнес қауымдастығын қауіпсіздікке деген көзқарасын қайта қарауға итермелеген маңызды сабақ болды. Адамдар өмірді өрттен қорғау үшін белсенді шараларды қолдана бастады.
Дереккөз: kazinform
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!