Сенат кедендік баждардың үздіксіз аударылуына арналған заңды мақұлдады
Бүгін Сенаттың жалпы отырысында «2014 жылғы 29 мамырдағы ЕАЭО туралы шартқа ЕАЭО-ға мүше мемлекеттердің арасында кедендік әкелім баждарының сомасын аударуға қатысты бөлікте өзгерістер енгізу туралы хаттаманы ратификациялау туралы» Заңы мақұлданды.
Фото: пресс-служба Сената РК
10:35 30.01.2025
- 2014 жылғы 26 мамырдағы Еуразиялық экономикалық одақ туралы шарттың 26-бабына сәйкес, төленген кедендік әкелу баждары мүше мемлекеттердің бюджеттері арасында есепке алынуға және бөлінуге жатады. Шартқа өзгерістер енгізу туралы хаттамада ұлттық (орталық) банктер арасында кедендік әкелу баждарын есепке алу әрі бөлу кезінде туындайтын қарсы міндеттемелерді өтеудің уақытша балама тәртібін енгізу көзделген. Бұл ретте, кеден баждарының сомаларын одаққа мүше өзге елдердің бюджеттеріне бөлу және есепке алу тетігі өзгерген жоқ. Хаттама ережелеріне сәйкес, Ұлттық банк заңнамада көзделген мемлекетішілік рәсімдерді аяқтауы қажет. Осыған орай, ратификациялауды жүзеге асыру, мемлекетішілік рәсімдердің дұрыс аяқталуын білдіреді. Жоғарыда көрсетілгендей, аталған әдісті енгізу уақытша саналады. Оның мақсаты – Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттерінің бюджеттік кірісіне кедендік баждарды аударудың үздіксіз жүруін қамтамасыз ету, - деді сенатор Бекболат Орынбеков.
Оның айтуынша, қазіргі кезде ЕАЭО-ға мүше мемлекеттердің арасындағы сауда айналымының басым бөлігі осы 5 елдің ұлттық валюталарымен жүргізіледі.
- Ұсынылған хаттама тек кедендік әкімшілендіруді және мемлекет бюджеттерін бөлу механизмін айқындайды. Сондықтан, бұл нормалар нарық пен саудаға әсер етпейді, - деді депутат.
Сенаттың Қаржы және бюджет комитетінің қорытындысына қарағанда, заң санкциялық шектеулер жағдайында Еуразиялық экономикалық одақ аясында кедендік баждарды әкімшілендіруді жүзеге асыру кезіндегі кедергілерді жоюға бағытталған. Заңды мақұлдау Қазақстанның республикалық бюджетіне кедендік баждардың үздіксіз аударылуын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Дереккөз: kazinform
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!