Президент тапсырмаларын іске асыру жолында нақты істер қажет – Сенат төрағасы
Президенттің барлық тапсырмаларын уақытылы әрі сапалы орындау қажет. Бұл туралы Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев мәлім етті.
Фото: senate.parlam.kz
11:44 30.01.2025
- Осы аптада Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Үкіметтің кеңейтілген отырысын өткізді. Алқалы жиында еліміздің даму барысы кеңінен талқыланып, халықтың әл-ауқатын арттыруды қамтамасыз ететін негізгі бағыттар айқындалды. Бұл бағыттар барлық саланы қамтып отыр. Сондықтан Президентіміз белгілеп берген міндеттердің орындалуы Палатамыздың ерекше назарында болады.
Әсіресе, заңнамалық өзгерістерге қатысты тапсырмалар аясында нақты жұмыс істеуіміз керек. Мемлекет басшысы берген тапсырмалар қатарында салық-бюджет саясатын реформалауды көздейтін жаңа Бюджет және Салық кодекстері бар. Тиісті заңдарды уақтылы қарайтын боламыз. Сондай-ақ, Парламентке сессия соңына дейін геологиялық барлау жұмысының тиімділігін арттыратын заңнамалық түзетулер қабылдау міндеті жүктелді.
Сонымен қатар, цифрлық активтердің қолдану аясын кеңейтуге арналған инфрақұрылымды құру да маңызды міндет ретінде белгіленді. Еліміздегі энергетиканы дамыту және ядролық кластер құру ісінің маңызды екені де айтылды. Бұл да заңнамалық қолдауды талап ететін бағыт, - деді М. Әшімбаев Сенаттың жалпы отырысында.
Сонымен қатар Сенат төрағасы міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесін жетілдіру туралы заң жобасын осы сессияның соңына дейін пысықтау керек екенін айтты.
- Аталған және басқа да тапсырмаларды іске асыру жолында батыл шешімдер мен нақты істер қажет. Сондықтан Үкімет отырысында айтылған мәселелерді жұмыс барысында басшылыққа алып, тиісті заңдарды қабылдайтын боламыз. Алдағы уақытта Президентіміздің барлық тапсырмаларын уақытылы әрі сапалы орындау жолында Үкіметпен және Мәжіліспен бірлесіп, нәтижелі жұмыс істейміз деп сенемін, - деді М. Әшімбаев.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!