ТЖ министрі былтырғы су тасқынының негізгі себептерін атады
Төтенше жағдайлар министрі Шыңғыс Әрінов Сенатта өткен Үкімет сағатында өткен жылғы көктемдегі су тасқынының себебі мен салдарын түсіндірді, деп жазады kazinform.
Фото: Агибай Аяпбергенов/Kazinform
11:25 31.01.2025
Жалпы, су тасқыны салдарынан еліміздің 12 өңірі зардап шекті, 200-ден астам елді мекеннің тыныс-тіршілігі мен инфрақұрылымы бұзылды.
Оған қоса, 11 мыңнан астам тұрғын үйді, 25 мыңнан астам саяжайлар мен учаскелерді, 453 ғимаратты су басып, 150 автожол учаскелері мен 11 көпірді су шайды. 12 мыңнан астам мал шығыны тіркелді.
— Су тасқынының негізгі себебі — қыс пен көктем мезгіліндегі гидрометеорологиялық жағдайдың күрт өзгеруі болды. Күн суыта бастағанда топырақтың жоғары ылғалдылығы оның беткі қабатында көп ылғал жиналып, қатуына әкелді. Ал қыс кезінде жылымық болғанда топырақ пен қалың қар жамылғысының бетінде мұз қабықшасы пайда болды. Көктемнің басында қар тез еріп, ауа температурасы жоғарылап, жауын-шашын көп мөлшерде түсті, — деді ТЖ министрі.
Қардың тез еруі, топырақтың ылғалдылығы, қар жамылғысындағы судың едәуір мөлшері аномальді су тасқынына әкеп соқты. Сондай-ақ, Ресей Федерациясының Ириклин су қоймасы толып, суды бірден артық мөлшерде төккендіктен, Жайық өзені арнасынан шығып, еліміздің батыс өңірлеріндегі жағдайды қиындатты.
Ақтөбе және Қарғалы су қоймаларының толуына байланысты Қарғалы және Елек өзендеріне су төгілді. Оның салдарынан Ақтөбе қаласындағы саяжай учаскелерін су басты.
— Өңірлердің мұндай ауқымды су тасқынына жеткіліксіз дайындығы және су тасқынына қарсы іс-шараларды уақытылы іске асырмауы әсер етті. Мемлекет басшысы жекелеген лауазымды тұлғаларға қатысты тәртіптік шаралар қабылдады. Құтқару операциялар күндіз-түні жүзеге асырылды. Бұл үшін бұрын-соңды болмаған әуе авиациясы тартылды. Темір жол арқылы су тасқыны күрделі өңірлерге арнайы және инженерлік техника жаппай тасымалданды. Жалпы 120 мыңнан астам адам құтқарылды, 35 миллион текше метрден астам су сорылды, — деп түсіндірді сала министрі.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!