Алматы облысында оқушы белгісіз жағдайда уланып қалды - полиция іс қозғады
Алматы облысының полициясы өзін-өзі өлтіруге дейін жеткізу бабы бойынша іс қозғады.
Фото: freepik.com
13:38 03.02.2025
Әлеуметтік желіде Қонаевта оқушы баланың қатарластарынан таяқ жеп, жан сақтау бөліміне түскені туралы мәлімет тарады. Алайда Алматы облысының Білім басқармасы бұл мәліметті растаған жоқ. Басқарма ақпаратына сәйкес, 31 қаңтар күні кәмелетке толмаған А. есімді оқушы Қонаев қаласы көпсалалы ауруханасының жан сақтау бөліміне «Химиялық антисептикпен ұлану» диагнозымен түскен.
- Қонаев қаласының Полиция басқармасында іс тіркеліп, бүгінгі күні тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Қазіргі кезде жасөспірім толық есін жиып, ауруханада ем қабылдауда, жағдайы қалыпты, - деп хабарлады Білім басқармасынан.
Ал өңірдің Полиция департаменті ҚР ҚК 105 бабы бойынша іс қозғалғанын мәлімдеді.
- Полицияда өзін-өзі өлтіруге дейін жеткізу дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалғанын хабарлаймыз. Қазіргі уақытта болған оқиғаның барлық мән-жайын толық және жан-жақты зерттеу үшін барлық қажетті тергеу әрекеттері жүргізіліп жатыр. Аталған жұмыстардың нәтижесі бойынша түпкілікті процестік шешім қабылданатын болады. Өзге ақпарат тергеу мүддесіне орай жария етілмейді, - деп хабарлады полициядан.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!