Алматы әуежайы ауыр халде келген жолаушыға неге жедел жәрдем қызметін жібермеді
Алматы халықаралық әуежайы Делиден ауыр халде келген жолаушыға қатысты түсініктеме берді, деп жазады kazinform.
Фото: Жетісу облыстық жедел жәрдем қызметі
19:04 03.02.2025
12 қаңтар күні Делиден Алматыға ұшып келген жолаушыға зембіл мен медициналық көмек қажет болды. Оны әуежай қызметкерлері қажетті құрал-жабдықтармен күтіп тұрған. Алайда алдын ала рұқсатсыз қаладан жедел жәрдем көлігі жеткен.
Азаматтық авиациядағы жолаушыларға медициналық көмек көрсету қағидаларына сәйкес, жедел жәрдем перронға жіберілмеді.
– Халықаралық хаттамаларға сәйкес, егер жолаушының медициналық проблемалары болса, әуе компания арнайы кодтармен хабарлау арқылы осындай жолаушы бортта бар екендігі туралы әуежайға хабарлайды. Халықаралық стандарттарға сәйкес, бұл жолаушылардың бірнеше санаты бар. Әуе компаниядан STCR коды жіберілді (жолаушыға зембіл қажет). Алматы халықаралық әуежайы тарапынан жолаушы бортының ұшуы бойынша STCR арнайы техникасы бар команда күтіп тұрды, – деп хабарлады әуежайдан.
Әуежай қызметкерлеріне медициналық бригадасы бар бөгде реанимобильдің қаладан әуежай аумағына келу қажеттілігі туралы алдын ала хабарланған жоқ. Реаномобиль сол уақытта және әуежай қызметтерінің келісімінсіз келді.
– Бөгде көлікті перронға жіберу үшін белгілі бір келісу рәсімдері бар. Ол үшін рейсте келе жатқан жолаушы туралы ақпарат, оның диагнозы және басқа да маңызды мәліметтер рейстен кемінде 24 сағат бұрын немесе әуе кемесі қонғанға дейін 2 сағат бұрын ұсынылуы керек. Бұл ақпарат ұсынылған жоқ, – делінген хабарламада.
STCR командасының қызметкерлері жолаушының жағдайын көріп, әуежайдың медициналық қызметі мен жедел жәрдем көлігін шақырды.
Жолаушыны алып жүрушілер әуежайдың жедел жәрдем көлігімен барудан бас тартты, соның салдарынан жолаушы шекаралық бақылау аймағына жеткізілді. Жолаушы шекаралық және кедендік бақылаудан әуежай қызметінің сүйемелдеуімен кезексіз, қозғалуы шектеулі жолаушы ретінде өтті.
– Бақылаудан өткен сәтте жолаушылар арасында жағдайы ауыр және ерекше медициналық қажеттіліктері бар баланың болуы туралы ақпарат әуежайда болған жоқ. Әуежай қызметкерлері белгіленген процедуралар мен ережелерге сәйкес қатаң түрде әрекет етті. Алматы халықаралық әуежайы баланың тез сауығып кетуіне тілектес. Біз жолаушылар үшін, әсіресе ерекше қолдауды қажет ететіндер үшін қолайлы жағдай жасаудың маңыздылығын түсінеміз. Әуежайда қозғалуы шектеулі жолаушыларға, соның ішінде сырқаттары ауыр жолаушыларға арналған сүйемелдеу қызметі жұмыс істейді. Бұл қызметті алу үшін әуе компанияға немесе әуежайға алдын ала хабарлау қажет, – деп түсіндірді әуежайдан.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!