{metadescription}
БҚО-да даму жағынан артта қалған екі аудан әкіміне қатаң сөгіс берілді

БҚО-да даму жағынан артта қалған екі аудан әкіміне қатаң сөгіс берілді

Батыс Қазақстан облысында 2024 жылы өңдеу өнеркәсібі мен ауыл шаруашылығы көлемінен басқа 7 негізгі көрсеткіш бойынша алдыңғы жылмен салыстырғанда, оң динамика байқалады.

БҚО әкімінің орынбасары Тілепберген Каюповтың мәлім еткеніндей, Мемлекет басшысы өткен жылы Үкіметке экономиканың өсуін 6 пайызға жеткізуді тапсырған болатын. Республикалық деңгейде бұл көрсеткіш қамтамасыз етілгенімен, Батыс Қазақстан облысы бойынша экономиканың өсуі 3,8 пайыз болды. Бұл өңірдің Үкіметтің межесіне жете алмағанын көрсетеді.

Атап айтқанда, өңдеу өнеркәсібінде нақты көлем индексі жоспары –108,3 пайыз, нақты мәні 96,8 болды. Ауыл шаруашылығының жалпы өнімі сәйкесінше 104 және 98,8 пайыз, ішкі сауда 112 және нақтысы 109,4 пайыз болды.

Тілепберген Ерсайұлының сөзіне қарағанда, Қаратөбе мен Сырым ауданында – 6, Жаңақала, Жәнібек, Бәйтерек, Теректіде – 5, Ақжайық пен Бөкей ордасында және Орал қаласында – 4, Бөрлі, Казталовта – 3, ал ең артта қалған Шыңғырлау мен Тасқалада 2 негізгі көрсеткіш бойынша ғана оң серпін байқалады.

- Өнеркәсіп өндірісінің нақты көлем индексі 102,3 пайыз (3 401,1 млрд теңге) болса, өңдеу өнеркәсібінде – 96,8 пайыз (320,2 млрд теңге). Өңдеу өнеркәсібі құрылымындағы негізгі үлес Орал қаласына, Бөрлі және Бәйтерек аудандарына тиесілі. Қалған 10 ауданның жалпы үлесі 7,6 пайыздан аспады. Бұл аудан әкімдерінің осы саладағы әлеуетті толық пайдаланбай отырғанын көрсетеді. Осыған орай өңдеу өнеркәсібіндегі ауданның үлесін арттыру мақсатында «Ауыл аманаты» жобасының мемлекеттік қолдау тетіктерін пайдалана отырып, жаңа өсу нүктелерін айқындау қажет, - дейді Т.Каюпов.
Оның айтуынша, өсімдік шаруашылығы өнімінің өндірісі 6,9 пайызға төмендеген. Соның салдарынан ауыл шаруашылығы жалпы өнімінің нақты көлем индексі 98,8 пайыз (281,5 млрд теңге) болды.

Мұның себебін негізінен егіс алқаптарының қысқаруы және есептен шығарылуымен, дәнді дақылдар өнімділігінің төмендеуімен байланыстыруға болады.

Ауыл шаруашылығы жалпы өнімінің төмендеуі 4 аудан мен Орал қаласында байқалады. Қалған 8 ауданда өсім бар.

- Президент Үкіметтің кеңейтілген отырысында биыл көктемгі егіс науқанына 700 млрд теңге бөлінетінін атап өтті. Осы орайда аудандар мен Орал қаласы әкімдері облысқа бөлінетін 8,3 млрд теңге арзан несиені малшылар мен ауыл шаруашылығы өнімін өндірушілердің алуын қамтамасыз етуі қажет, - дейді облыс әкімінің орынбасары.
Оның айтуынша, өткен жылы негізгі капиталға 712,9 млрд теңге инвестиция (104,7 пайыз) қосылған. Мұнда 7 аудан мен Оралда өсім болғанымен, 5 ауданда кеміген.

Өткен жылы жеке инвестиция есебінен 104 млрд теңгеге 21 жоба жүзеге асырылып, 597 жұмыс орны ашылды. Алайда жеке инвестициялар көлемі (538,5 млрд теңге) алдыңғы жылмен салыстырғанда, 0,4 пайызға азайған.

- Инвестициялардың ұлғаюы экономиканың, компаниялардың дамуына және жаңа жұмыс орындарының ашылуына тікелей ықпал етеді, бұл өз кезегінде мемлекеттік бюджетке салық түсімдерін арттырады. Бизнес пен азаматтардың кірістерінің өсуімен салық базасы кеңейіп, мемлекетке әлеуметтік және инфрақұрылымдық бағдарламаларды қаржыландыру үшін көбірек қаражат бағыттауға мүмкіндік береді. Мемлекет басшысы экономикаға инвестиция тартуды аса маңызды мәселе ретінде белгіледі. Бұл ретте өңірге жаңа жеке инвесторларды тартсақ қана оң инвестициялық ахуал қалыптастыра аламыз. Сондықтан аудан және Орал қаласының әкімдері, салалық басқармалар басшылары экономиканың барлық салаларына жеке инвестиция тарту бойынша жұмысты күшейту қажет. Бұл факторды әкімдерді әр тоқсан сайын бағалайтын көрсеткіштерге қосу маңызды, - деп атап өтті Т.Каюпов.
БҚО әкімі аппаратының кеңейтілген отырысында әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштердің жылдық қорытындысы және өңір экономикасын әртараптандыру, инвестиция тарту мәселелері талқыланды.

Кеңес қорытындысы бойынша әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштердің орындалмауына байланысты Тасқала және Шыңғырлау аудандарының әкімдері Талғат Шәкіров пен Мұрат Өмірәлиевке қатаң сөгіс берілді.

Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!

Кеше

08 ақпан

Серіктестер жаңалықтары

Қазір эфирде