Жанармай сатудан түскен қосымша табыстың 80 пайызы бюджетке бағытталмақ
Жанармай сатудан түскен қосымша табыстың 80 пайызы бюджетке бағытталмақ. Мұндай өзгеріс Ұлттық экономика министрлігі әзірлеген Үкімет қаулысына өзгерістер жобасында көзделген.
Фото: Виктор Федюнин/ Kazinform
10:27 05.02.2025
Құжат жанар-жағармай бағасына мемлекеттік реттеуді алып тастаған жағдайда жанармай өндірушілер мен сатушылардың қосымша маржиналдылығының 80 пайызын бюджетке бағыттау мақсатында бензинге (авиациялықты қоспағанда) және дизель отынына қосымша акциздің мөлшерлемесін белгілеуді көздейді.
Осылайша, шара жанармай сатудан түскен қосымша табыстың 80 пайызын бюджетке қайта бөлуге мүмкіндік береді. Бұл ретте қосымша акциздер ағымдағы деңгейден бағалар өскен кезде ғана пайда болады.
Айта кетейік, Ұлттық экономика министрлігінің «Бензинге (авиациялық бензинді қоспағанда), дизель отынына, газохолға, бензанолға, мұнай еріткішіне, жеңіл көмірсутектер қоспасына және экологиялық отынға арналған акциздер мөлшерлемелерін бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2018 жылғы 6 сәуірдегі №173 қаулысына өзгеріс енгізетін қаулы жобасы ашық НҚА порталында жарияланды. Қаулы жобасы 18 ақпанға дейін қоғамдық талқылауда болады.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!