Қазақстан қытайлық туристер арасында танымал елдер тізімінде 29-орынға көтерілді
Қазақстан қытайлық туристер арасында танымал елдер тізімінде 29-орынға көтерілді.
Фото: pixabay
16:15 06.02.2025
Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметіндегі брифингте Туризм және спорт министрлігі Туризм индустриясы комитетінің төрағасы Нұртас Кәріпбаев айтты.
- Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қытайға ресми сапары барысында 2024 жыл «Қытайдағы Қазақстан туризмі жылы» болып жарияланған болатын. Туризм жылы аясындағы іс-шаралар саяхатшыларға жаңа мүмкіндік берді. Сондай-ақ туризм индустриясы өкілдеріне серіктестік байланыстарды нығайтуға жол ашты. Туризм жылының негізгі мақсаты – Қазақстанды Қытай азаматтары үшін туристік дестинация ретінде танымал ету. Сондай-ақ мәдени және іскерлік тәжірибе алмасу, халықтар арасындағы өзара түсіністік пен достықты нығайту. Туризм жылы Қытайдан жарты миллион турист тартуға және 300 млн АҚШ доллары көлеміндегі туристік қызметтерді экспорттауға бағытталды, - деді комитет төрағасы.
Оның атап өтуінше, министрлік Туризм жылының бірыңғай жоспарын бекітті, деп жазады kazinform. Жоспар бірнеше бағытты қамтитын іс-шаралардан тұрды. Жыл ішінде маркетингтік құралдарды пайдалану, оның ішінде түрлі кездесулер, іскерлік және мәдени іс-шаралар өткізу арқылы 37 іс-шара ұйымдастырылды. Бұлардың бәрі Қытай нарығында Қазақстанның танымалдылығын арттыруға бағытталған.
- Іс-шаралардың барлығы Қытайдың жетекші туристік компанияларымен іскерлік байланыстарды нығайтуға арналды. Осылайша, істелген жұмыстардың нәтижесінде брондалған сапарлар саны бойынша Қазақстан қытайлық туристер арасында танымал елдер тізімінде 40-тан 29-орынға көтерілді, - деді Нұртас Кәріпбаев.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!