Атырауда мектепке жарылғыш зат қойылды деген жалған ақпарат тарады
Атырауда мектепке жарылғыш зат қойылды деген ақпарат расталмады, деп жазады kazinform.
Фото: freepik.com
20:22 06.02.2025
Мектептен күдік тудыратын жарылғыш зат табылмады. 6 ақпанда Атырау қаласындағы №3 мектептің мұғалімі мектепте жарылғыш зат қойылғаны жөнінде хабарлама алған. Мұғалім бұл туралы полицияға хабарлаған.
Атырау облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметінен мәлім еткендей, жарығыш зат туралы ақпарат жалған болып шыққан.
– Атырау қаласындағы мектептің мұғаліміне келген жарылғыш зат туралы ақпаратқа сәйкес, құзырлы органдар тиісті тексеру жұмыстарын жүргізді. Күдік тудыратын заттар табылған жоқ. Қазір аталған дерекке қатысты «Терроризм актiсi туралы көрiнеу жалған хабарлау» бабы бойынша қылмыстық іс тіркелді. Тергеу амалдары жүргізіліп жатыр, - деп хабарлады департаменттің баспасөз қызметі.
Кейбір ақпаратқа қарағанда, мұғалімге келген хабарламада хабарласқан адам одан 80 млн теңге сұрап, банк картаның номерін жіберген.
– Бұл деректі растай алмаймыз. Бірақ «Терроризм актiсi туралы көрiнеу жалған хабарлау» бойынша бес мың айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға, не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына, не бес жылға дейінгі мерзімде бас бостандығын шектеуге, не сол мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы көзделгенін ескертеміз, - деп мәлім етті департаменттің баспасөз қызметінен.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!