Ұялы байланыс операторларының тарифті негізсіз көтеру әрекеттері қаралып жатыр
Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі ұялы байланыс операторларының тарифті жөн-жосықсыз көтеруіне қатысты пікір білдірді, деп жазады kazinform.
Фото: Kazinform
12:14 07.02.2025
- Қазір агенттік ұялы байланыс операторларының 2024 жылы және 2025 жылдың басынан бастап бәсекелестікті қорғау саласындағы заңнаманың бұзылуынан бағаның өсуіне әкелетін іс-әрекеттерді қарап жатыр. Агенттік операторлардың тариф бағасын негізсіз көтеру фактілерін анықтаған кезде тергеу рәсімі тағайындалады. Осы орайда, тарифтерді көтерудің негізі тек тергеу шеңберінде тексерілуі мүмкін. Тергеу - бәсекелестікті қорғау саласындағы заңнаманы бұзуды растайтын немесе жоққа шығаратын нақты деректерді жинауға бағытталған монополияға қарсы органның іс-шарасы, - делінген ресми сауал жауабында.
Сондай-ақ Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі «Кселл» АҚ, (Activ), «Мобайл Телеком–Сервис» ЖШС (Теле2/Алтел) және «Кар-Тел» ЖШС-не (Beeline) қатысты бұған дейін басталған тариф бағасын бір мезгілде көтеру, яғни бәсекелестікке қарсы келісілген іс-қимыл белгілері бойынша тергеу амалдары аталған операторлардың сот тәртібімен шағымдануына байланысты күшін жойғанын мәлім етті.
- Заң бұзушылық фактісі Қазақстан Республикасының кәсіпкерлік кодексіне сәйкес жүргізілетін тергеу қорытындылары бойынша ғана анықталуы мүмкін, - дейді агенттіктен.
Байланыс операторларына қандай жауапкершілік көзделген
Қазақстан Республикасы «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» кодексінің 159–бабына сәйкес, субъектілердің бәсекелестікке қарсы келісілген іс-әрекеттері, монополиялық жолмен жоғары бағаны белгілеу, бағаны ұстап үстемдік көрсету байланыс операторының монополиялық кірісін тәркілей отырып, айыппұлға алып келеді.
Сонымен қатар, аталған кодекстің 226-бабының 2-тармағына сәйкес (монополияға қарсы ден қою шаралары), норма бұзылған жағдайда субъектілер (байланыс операторлары):
1) монополияға қарсы органның нұсқамаларына сәйкес заң бұзушылықты тоқтатуға және оның салдарын жоюға, нұсқамада көзделген өзге де әрекеттерді орындауға міндетті;
2) келтірілген залалды Қазақстан Республикасының азаматтық заңнамасына сәйкес өтеуге міндетті;
3) Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінде белгіленген тәртіппен монополияға қарсы органның әкімшілік жаза қолдану туралы қаулысын орындауға міндетті.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!