Қазақстанның Ватикандағы елшісі Рим Папасына сенім грамоталарын тапсырды
Қазақстанның Қасиетті Тақ жанындағы елшісі Тимур Примбетов аса қасиетті Рим Папасы Францискке сенім грамоталарын тапсырды.
Фото: ҚР СІМ
10:28 08.02.2025
Салтанатты шара Рим Папасының «Domus Santa Marta» резиденциясында өтті.
Ресми қабылдау барысында Рим-католик шіркеуінің басшысы қазақ дипломатын Қазақстан Республикасының Ватикан мемлекетіндегі елшілігінің ашылуымен құттықтап, табысты және жемісті жұмыс атқаруды тіледі.
Рим Папасы Франциск Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2024 жылғы қаңтардағы Ватиканға ресми сапарының қорытындыларын жоғары бағалады және 2022 жылғы қыркүйектегі Қазақстанға алғашқы мемлекеттік (апостолдық) сапары аясында көрсетілген жылы және шынайы қабылдау үшін тағы да алғысын жеткізді.
Рим-католик шіркеуінің басшысы әлемдік саясат, әсіресе көші-қон саясаты секілді ең өзекті мәселелерді шешуде тең құқылы диалогқа негізделу қажет екенін баса айтты.
Тимур Примбетов, өз тарапынан, Қазақстан Республикасы Президентінің ізгі тілектерін жеткізіп, Мемлекет басшысының бастамасымен елімізде жүргізіліп отырған ауқымды өзгерістер туралы қысқаша ақпарат берді. Ватиканның Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері съезі мен оның Хатшылығының жұмысына қолдау көрсетіп, белсенді қатысқаны үшін алғыс білдірді. Рим Папасы Францискке Қазақстан Президентінің биыл қыркүйекте Астанада өтетін VIII Съезіне арнаған жеке шақыруын табыс етті.
Қабылдау соңында Рим Папасы Франциск Қазақстан халқына бейбітшілік, амандық және өркендеу тіледі. Еліміздің одан әрі үдемелі дамуы мен халықаралық аренадағы ұстанымын нығайту үшін әлеуеті зор екенін атап өтті.
Қазақстан Республикасы мен Қасиетті Тақ арасындағы дипломатиялық қарым-қатынастар 1992 жылы 17 қазанда орнатылды. Рим Папасы Иоанн Павел II Қазақстан Республикасына алғашқы апостолдық сапарын 2001 жылғы қыркүйекте жасады. 2022 жылғы қыркүйекте Рим Папасы Франциск Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің VII съезінің ашылуына қатысу үшін Қазақстанға мемлекеттік (апостолдық) сапармен келді. 2024 жылғы қаңтарда Қазақстан Президенті Ватиканға ресми сапармен барды.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!