Азиада-2025: Қазақстан бүгін екі күміс медаль жеңіп алды
Қытайдың Харбин қаласында өтіп жатқан IX қысқы Азия ойындарының алғашқы алтын медаль иегері анықталды.
Фото: olympickz
14:03 08.02.2025
Шорт-тректен 2000 метрге сырғанаудан аралас командалық эстафета қатысушылары Харбин қысқы Азия ойындарының алғашқы жүлдегерлері атанды.
Финалда Корея, Қытай, Жапония және Қазақстан құрамасы өнер көрсетті. Қазақстан құрамасы сапында Денис Никиша, Әділ Ғалиахметов, Яна Хан және Малика Ермек алаңға шықты.
Жарыс кезінде отандастарымыз шеберлік байқатып, үшінші орынды сақтады. Алайда, соңғы сәтте көш басындағы Қытай спортшысы жарыс жолынан шығып қалып, Корея командасы чемпион атанды. Ал Қазақстан құрамасы мәреге екінші болып жетті.
Қортынды нәтиже:
1. Корея (2 минут 41.534 секунд)
2. Қазақстан (2 минут 42.258 секунд)
3. Жапония (2 минут 44.058 секунд)
4. Қытай (2 минут 59.057 секунд)
Сонымен қатар, Қазақстан спортшысы Евгений Кошкин IX қысқы Азия ойындарында күміс медаль жеңіп алды. Харбинде өтіп жатқан қысқы Азия ойындарының ерлер арасында 100 метрге конькимен жүгіруден бәсекелер аяқталды. Қазақстандық спортшылар Артур Галиев, Никита Важенин, Алтай Жәрдембекұлы және Евгений Кошкин жарыс жолына шықты.
Қортындысында Евгений Кошкин 9.47 секунд нәтиже көрсетіп, екінші орыннан көрінді.
Алтай Жәрдембекұлы (9.64 секунд) қола жүлдеге бір табан жетпей қалды.
Айта кетерлігі, бұл - Қазақстан құрамасының Харбин қысқы Азия ойындарындағы екінші күміс жүлдесі.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!