Азиада-2025: Қазақстан спортшылары екінші жарыс күні 4 медаль еншіледі
Қытайдың Харбин қаласында өтіп жатқан IX қысқы Азия ойындарының екінші жарыс күні өз мәресіне жетті.
Фото: Туризм және спорт министрлігі
19:25 09.02.2025
Қазақстандық спортшылар ел қоржынына 4 медаль салды. 9 ақпан, 8 спорт түрінен жарыстар өтіп, 13 медалдар жиынтығы сарапқа салынды. Қазақстандық спортшылар шорт-трек, шайбалы хоккей, тау шаңғы спорты, шаңғымен сырғанау, керлинг, конькимен жүгіру, фристайл және ски-альпинизм жарыстарында өнер көрсетті.
Қазақстандық спортшы Аяна Жолдас Ябули тау шаңғы курортында өткен әйелдер арасында фристайл акробатика сынында 76.54 ұпай жинап үшінші орыннан көрінді.
Шорт-тректен Қазақстан қыздар құрамасы 3000 метрге командалық эстафета бәсекеінде мәре сызығын екінші болып кесті. Қазақстан құрамасы сапында Ольга Тихонова, Яна Хан, Малика Ермек және Алина Әжғалиева жарыс жолына шықты.
Сондай-ақ, Қазақстан құрамасы ерлер арасында 5000 метрден командалық эстафетадан чемпион атанып, тарихи алтынға қол жеткізді. Денис Никиша, Глеб Ивченко, Мерсаид Жақсыбаев және Әділ Ғалиахметов жарыс жолына шықты.
Әйелдер арасында конькимен жүгіруден командалық із қуу жарысында қазақстандық қыздар 1 минут 30.12 секунд нәтиже көрсетіп қол жүлдегер атанды. Жарыс жолына Кристина Силаева, Дарья Важенина және Надежда Морозова шықты.
Қазақстандық хоккейшы қыздар В тобындағы соңғы матчында оңтүстік Кореяны қосымша уақытта жеңіп, плей-оффқа жолдама алды. Енді олар А тобының үздіктері Қытай және Жапониямен кездеседі.
Қазіргі уақытта, Қазақстан құрамасы 1 алтын, 4 күміс және 2 қола жүлдемен медалдар кестесінде төртінші орында келе жатыр.
Қытай құрамасы 44 медаль (15 алтын, 15 күміс және 14 қола) еншілеп, көш басында тұр.
Ал Кореяның қоржынында 11 алтын, 9 күміс және 7 қола медаль бар.
Жапония құрамасы 11 медалмен (3 алтын, 2 күміс және 6 қола) үздік үштікті түйіндеді.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!