Бектенов: Мемлекеттің экономикадағы үлесін азайта отырып, бірлескен инвесторларды белсенді тарту қажет
Премьер-министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры» АҚ директорлар кеңесінің отырысы өттті.
Фото: Үкімет
12:28 10.02.2025
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметтің кеңейтілген отырысында алға қойған міндеттерді ескере отырып, Қордың 2024 жылғы жұмысының қорытындылары және оны одан әрі дамыту мәселелері қаралды. «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ басқарма төрағасы Нұрлан Жақыпов инвестициялық жобаларды іске асыру туралы баяндады.
Үздіксіз электрмен жабдықтау мақсатында Екібастұз ГРЭС-1 №1 энергия блогы тоқтап, қуаты 4000 МВт-қа дейін ұлғайтылды. Экологияны жақсарту жұмыстары аясында Алматы ЖЭО-2 және ЖЭО-3 үшін газ инфрақұрылымын құру жобасы іске асырылды. Қарашығанақ кен орны жұмысының тиімділігін арттыру үшін бесінші кері айдау компрессоры енгізілді. Көлік-логистикалық бағытта Сиань қаласында жүк терминалы салынды, ол жүктерді жеткізу мерзімін қысқартуға және қазақстандық бағыттардың тартымдылығын арттыруға мүмкіндік берді. Сонымен қатар 250 шақырымнан астам газ құбыры мен 500 шақырым теміржол желісі тартылып, екінші «Достық – Мойынты» жолының 132 шақырымында пойыз қозғалысы іске қосылды. Сондай-ақ есепті кезеңде Қазақстан үшін бірегей жобалар: гидроаккумуляциялық станса мен Астана қаласындағы алғашқы цифрлық қосалқы стансаның құрылысы басталды.
Жалпы тізімге қазіргі уақытта мұнай-газ, мұнай-химия, энергетика, көлік-логистика және басқа да салалар бойынша құны 33,3 трлн теңгені құрайтын инвестициялық 46 жоба енгізілген.
Биыл «Талдықорған – Үшарал» магистралды газ құбырын пайдалануға берудің арқасында Жетісу өңіріндегі 66 елді мекенді газбен қамту жұмыстарын аяқтау жоспарланған. Кендірліде қуаттылығы тәулігіне 50 мың м3 теңіз суын тұщыту зауытын іске қосу арқылы Жаңаөзен қаласы мен Маңғыстау облысындағы су тапшылығы мәселесін шешу жоспарлануда. Транскаспий халықаралық көлік бағытының (ТХКБ) және «Достық – Мойынты» теміржол желісі учаскесінің өткізу қабілетін арттыру транзитті дамытуға елеулі серпін береді. Ішкі нарықтың қажеттіліктерін қанағаттандыру үшін ПМХЗ-да дизель отынын гидротазарту орнатылады және CASPI BITUM-да битум өндірісі кеңейтіледі. «Бейнеу – Бозой – Шымкент» магистралды газ құбырының өткізу қабілетін жылына 15 млрд м3 дейін арттыруға мүмкіндік беретін екінші учаскесінің құрылыс барысына ерекше назар аударылып, бірлескен инвестициялау құралдары талқыланды.
Жобалар бойынша жергілікті қамтудың болжамды үлесі секторға байланысты өзгеріп отырады. Мысалы, көлік-логистика секторындағы жобалар бойынша бұл көрсеткіш 85%-ды, энергетикалық жобалар бойынша – 60%-ды, су тұщыту зауытын, «ҰИМТ» АЭА инфрақұрылымын, жайлы мектептер мен 5G желісін салу және ТОБЖ төсеуді қоса алғанда, басқа да жобалар бойынша – 80%-ды құрайды.
Сондай-ақ 2024 жылы отандық тауар өндірушілерді қолдау бойынша қосымша шаралар қарастырылған. Осының арқасында 1,1 трлн теңгеге ОТӨ-мен шарттар жасалып, өсім 2023 жылмен салыстырғанда 76%-ды құрады. 191 млрд теңгеге офтейк-келісімшарттар жасалды, бұл 2023 жылмен салыстырғанда 10 есеге көп. Сонымен қатар Қордың сатып алу жүйесі алғаш рет ЕҚДБ, АДБ және ЭЫДҰ үздік стандарттарына сәйкес деп танылды.
Премьер-министр еліміз үшін маңызды жобаларды іске асыруға жеке инвестициялар тарту жөніндегі жұмысты күшейту қажеттігіне тоқталды.
- Мемлекет басшысы біздің жұмысымыздың басым бағыты ірі инфрақұрылымдық және өнеркәсіптік жобаларды, көлік пен логистиканы дамыту, сондай-ақ цифрландыру және жасанды интеллект болуы тиіс екенін атап өткен болатын. Үкімет еліміз үшін маңызды жобалардың іске асырылу жағдайын бақылауда ұстайды. Мемлекеттің экономикадағы үлесін біртіндеп азайта отырып, бірлескен инвесторларды белсенді тарту қажет, — деп атап өтті Олжас Бектенов.
Сонымен қатар Премьер-министр үдерістерді оңтайландыру және кешіктіруге әрі негізсіз қымбаттауға жол бермеу үшін жобаларды іске асыру мерзімдерінің сақталуын қатаң бақылау қажеттілігіне аударды.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!