Алаяқтар ЖИ көмегімен министрдің дауысын салып, кәсіпкерлерден қомақты қаржы алған
Италияда телефон алаяқтары қорғаныс министрінің дауысын салып, ірі бизнесмендер мен корпорация басшыларын алдап, қомақты қаржы алған, деп хабарлайды Еuronews.
Фото: Freepik
08:10 11.02.2025
Елдің бірқатар ең дәулетті адамдарына Гвидо Крозетто мен оның серіктестері атынан Гонконгтағы банк шотына шамамен миллион еуро аударуды сұраған телефон қоңырауы түсті. Бұл ақша Таяу Шығыста ұрланған итальяндық тілшілерді босатуға төлем жасау үшін керек деген сылтаумен сұралды.
Милан прокуратурасы тергеу жүргізіп жатыр. Крозеттоның өзі X сайтындағы жазбасында «абсурдтық» деп атаған оқиға сейсенбіде басталды.
- Маған өзіме жеке таныс емес белгілі кәсіпкер хабарласқысы келетінін айтты. Телефонмен сөйлескен кезде ол бұған дейін онымен мен өзім, сосын генерал хабарласқанын және ол осы «генерал» берген есепшотқа өте қомақты ақша аударғанын баяндады, - деп жазды Крозетто.
Крозетто бұл туралы полицияға хабарлады, карабинерлер алаяқтар құрбаны болған кәсіпкердің өтінішін қабылдады.
Министр айтқандай, келесі күні дәл осыған ұқсас жағдай болып, одан кейінгі күні алаяқтар өздерін Гвидо Крозетто деп таныстырып, тағы екі ірі кәсіпкерден ақшаны алдап алмақ болған.
Жалған министрден қоңырау алғандардың тізімінде Pirelli басшысы Марко Тронкетти Провера, ірі инвестор Диего Делла Валле, дизайнер Джорджио Армани, Prada бас директоры Патрицио Бертелли, Ray Ban және Oakley-дің негізін қалаушы Дель Веккьо мен құрылыс магнаты Франческо Кальтаджироне отбасылары, сондай-ақ «Интердің» бұрынғы президенті Массимо Моратти бар.
Алаяқтар телефон қоңыраулары кезінде ЖИ-мен жұмыс істейтін дауыс фильтрін пайдаланды ма әлде қорғаныс министрінің жалған дауысымен аудио хабарлама жазды ма, ол әзірге белгісіз.
Киберқылмыскерлердің жеке басын анықтау үшін тергеушілер алаяқтар көрсеткен банк шотына салынған қаражаттың қайда кеткенін анықтап жатыр.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!