Былтырғы құрылтайдан кейін 10 заң жобасы әзірленді — Аймағамбетов
Ұлттық құрылтай жылдан-жылға маңызды алаңға айналып келеді.
Фото: Виктор Федюнин/ Kazinform
13:23 14.03.2025
Бұл пікірді Парламент Мәжілісінің депутаты Асхат Аймағамбетов айтты. Депутаттың айтуынша, бұл жай ғана талқылау емес, қоғам үшін өзекті мәселелерді анықтауға, ал билікке — оларды нақты заңды тұрғыда рәсімдеп, іске асыруға мүмкіндік беретін механизм.
— Құрылтайда көтерілген тақырыптардың басым бөлігі әлеуметтік саясатқа, мәдениетке және қоғамдық құндылықтарға тікелей қатысты болғандықтан, салалық комитет төрағасы ретінде мен де осы жұмыстарға тікелей қатысамын. Сондықтан, құрылтайдың нәтижелі формат екенін нық сеніммен айта аламын. Атырауда өткен үшінші құрылтайдың қорытындысы бойынша 10 заң жобасы қолға алынды, оның 9-ына Президент қол қойды. Заң жобаларының көпшілігі біздің комитет арқылы өтті, — деп жазды А. Аймағамбетов өзінің Telegram парақшасында.
Негізгі өзгерістер арасында ойын бизнесін жарнамалауға тыйым салу, тарихи ескерткіштер мен табиғи нысандарды қорғау, марапат жүйесін кеңейту, әйелдер мен балаларды зорлық-зомбылықтан қорғау, батырлар есімін ұлықтау, есірткі қылмысына жазаны күшейту, ономастика ережелерін жаңарту, өңірлік рәміздерді реттеу бастамалары бар.
Сонымен бірге, археология саласын реформалау жұмыстары жоспарланып отыр. Онда лицензиялаудың жаңа стандарттары енгізіледі, заңсыз қазба жұмыстары үшін жазалау шаралары күшейтіледі. Заң жобасы бойынша жұмыстар биыл 29 қаңтарда басталды.
— Ұлттық құрылтай — жеке-дара бастама емес, Президент жүргізіп отырған кең ауқымды реформалар саясатының бір бөлігі. «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» қағидаты аясында құрылтай азаматтар ұсыныстарын нақты заңдар мен реформаларға айналдыратын маңызды құралға айналды, — дейді А. Аймағамбетов.
Дереккөз: kazinform
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!