Түркістан облысында мал ұрлығын кәсіп еткен 4 қылмыстық топ ұсталды
Өңірде мал ұрлығы тоқтамай тұр.
Фото: istockphoto.com
15:18 14.03.2025
Түркістан облысында жыл басынан бері 13 дерек мал ұрлығы қылмысы тіркелген. Бүгінде оның 10-ы ашылып, ұрланған 71 бас малдың 41-і иелеріне қайтарылды. Сондай-ақ облыс аумағында мал ұрлығын жасады деген күдікпен 14 адам ұсталды. Ал, мал ұрлығын кәсіп еткен 4 қылмыстық топтың жолы кесілді.
Мәселен, Мақтаарал ауданында мал ұрлығына қатысы бар күдікті жас жігіттер қолға түсті. Олар түнгі уақытта жайылымдық жерде жүрген ірі қара малды жүк көлігіне артып алып кеткен. Жәбірленушіге жарты миллион теңгеге жуық шығын келген. Тәртіп сақшылары күдіктінің қорасынан қолды болған малды тәркілеп, иесіне қайтарды.
"Полиция қызметкерлері мал жаю ережелерін бұзған 1 600-ге жуық құқық бұзушылықты анықтады. Ветеринария қызметкерлерімен бірлесіп рейдтік іс-шараларды тұрақты түрде жүргізіп келеді. Аталған жұмысшы топпен ет өнімдері, ауыл шаруашылық малдарын құжатсыз, сырғасыз тасымалдауға тосқауыл қойылып, 161 құқық бұзушылықтың жолы кесілді", - делінген Түркістан облысы полиция департаментінің баспасөз қызметі таратқан ақпаратта.
Дереккөз: kazinform
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!