Итбалықтарға жоғарыдан барлау жұмыстары жүргізілді
Биіктен барлау жұмыстары Ақтау әуежайынан Бұрыншық мүйісіне дейінгі аумақты, оның ішінде солтүстік Каспий, итбалық аралдарын, Баутино кентін және Саура шатқалын қамтыған.
Фото: Балық комитетінен
16:03 16.03.2025
Экспедиция барысында мұзда немесе суда, табиғи ортада 130-дан 150-ге дейін итбалық анықталған. Барлау жұмыстары 2025 жылы 12 наурыз күні жүргізіліп, оған Жайық-Каспий облысаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясының қызметкерлері, Маңғыстау облысы әкімдігінің өкілдері, «Qazaq balyk» республикалық балық шаруашылығы және акваөсіру қауымдастығының мамандары мен қоғам белсенділері қатысқан. Олар Каспий итбалықтары жатақтарын тікұшақпен жоғарыдан бақылаған.
— Экспедиция нәтижесінде жағалау жиегінен едәуір қашықтықта, далада немесе елді мекендерге жақын жерде итбалықтар табылған жоқ. Каспий итбалықтары үшін резерват құру қажет. Бұл жойылып кету қаупі төнген осы түрді сақтаудағы маңызды қадам болмақ. Резерват Каспий итбалықтарының тіршілік ету ортасы мен жатақтарын сақтауға мүмкіндік береді, бұл олардың санын қалпына келтіруге ықпал етеді, - деленген Балық Комитеті таратқан ақпаратта.
Дереккөз: kazinform
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!