Мемлекет басшысы АҚШ Конгресі Өкілдер палатасының мүшесі Кэрол Миллерді қабылдады
Қасым-Жомарт Тоқаев бұл кездесудің екі мемлекет арасындағы ынтымақтастыққа тың серпін беру тұрғысынан маңызы зор екеніне назар аударды.
Фото: Ақорда
12:46 20.03.2025
Президенттің айтуынша, тәуелсіздік алған сәттен бастап АҚШ Қазақстанның сенімді серіктесі саналады. Қазақстан Президенті өңірлік және халықаралық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, ядролық қаруды таратпау секілді негізгі салалардағы, сондай-ақ сауда-экономикалық, инвестициялық ықпалдастықтағы бірлескен табыстарды атап өтті. Мемлекет басшысының айтуынша, екі ел арасындағы тауар айналымы тұрақты түрде өсіп, 4 миллиард доллардан асқан.
Кэрол Миллер сый-құрмет көрсеткені үшін Қазақстан Президентіне алғыс айтып, АҚШ-тың нәтижелі диалогты жалғастыруға мүдделі екенін жеткізді. Әңгімелесу барысында екіжақты қарым-қатынастың негізгі мәселелері талқыланды. Әсіресе, энергетикалық және инфрақұрылымдық жобаларды жүзеге асыруға, цифрлық технологиялар мен жасанды интеллектіні дамытуға, сондай-ақ мемлекеттер арасындағы көлік-логистика байланыстарын кеңейтуге айрықша мән берілді.
Бұдан бөлек, Қасым-Жомарт Тоқаев пен Кэрол Миллер өңірлік және халықаралық күн тәртібіндегі өзекті мәселелер жөнінде пікір алмасты.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!